2800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін комбинаттың құрылысы басталды

0

Қордай ауданы Ноғайбай ауылында «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС жаңа тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Германия Федеративті Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннер, Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің басшысы Ховсеп Восканян, MONTERRA GROUP AG Басқарма Төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц, MONTERRA QASAQSTAN бас директоры Меруерт Данбаева қатысты.

Іс-шара барысында «ТМК құрылысы және КМП алтын кен орындарын игеру» жобасы таныстырылды. Компания қазірдің өзінде жобаға шамамен 6 миллиард теңге инвестиция құйған, бұл ретте бюджетке салықтық түсімдер ағымдағы жылдың аяғында 1 миллиард теңгеден асады деп күтілуде.

Аймақ басшысы бұл жоба облыстың экономикалық-әлеуметтік өсіміне ықпал ететіндігін атап өтті.

— Жоба өңірде 2800-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Бұл Қордай ауданының ғана емес, жалпы облыстың дамуына да серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ, жас мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіледі, — деді ол.

— Біздің компанияның жұмысы тұрақты әрі Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың сенімді көпірі болып табылады. Жобамыздың сәтті жүзеге асуы Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды тағы бір айғақтай түсері сөзсіз, — деді MONTERRA GROUP AG Басқарма Төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц.

— Егер бұған дейін Қордай ауданы негізінен ауыл шаруашылығы шалқыған аймақ атанса, қазір аудан индустрияландырудың жаңа кезеңін өткізуде. Тау-кен металлургия комбинаты экология мен сапаның жоғары стандарттарына сай болады. Ең маңыздысы, бұл кешен елімізде инженерлер мен металлургтердің жаңа буынының қалыптасуына ықпал етеді. Бізге жаңа құзыреттіліктерді меңгерген жастарды тәрбиелеп өсіру қажет, — деді Бейбіт Атамқұлов.

Жалпы құны 832 миллиард теңгені құрайтын жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ.

 Нұрдаулет Асан

Leave A Reply

Your email address will not be published.