Қазыналы қарттар — құрмет құшағында

90

Ақиқатты айқындап жариялар,      Бара жатыр азайып қариялар    Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар… – деп Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларды халқымыз ерекше қадірлеген. «Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда», деп татулық пен берекенің, даналық пен парасаттылықтың символы бола білген қарттарын қазақ жұрты ежелден құрметтеген, ізетпен лайықты сый-сыяпатын көрсеткен. Молшылықты күз мезгілімен ілесе жететін 1-қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесінде бұл қошемет-құрмет еселене түседі. Ерекше мейірімді мерекеде жас буын өкілдері ыстық ықылас танытады.
Сол ізгі дәстүрмен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мерекеге орай бейнеттің зейнетін көріп отырған Аса ауылында тұратын қазыналы қарттардың үйлеріне арнайы барып жағдай сұрасты, денсулық тіледі.
– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары – біз үшін өнеге мектебі. Әрбіріңіз өңіріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, бүгінде сол, еңбектің зейнетін көріп отырсыздар. Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттылықтың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашанда аман болсын, – деп жүрекжарды тілегін арнаған жоғарыда аталған бөлімнің басшысы Еркін Келесов пен сектор меңгерушісі Раякүл Аязбаева ардагерлерге ұжым атынан сыйлықтар табыс етті.