Қоймаларды тиімді пайдалансақ, қырғыз суына тәуелділіктен құтыламыз

0

Нәсібін қара жерден тауып жүрген шаруалар үшін ең бірінші ағын судың келуі маңызды. Алайда бүгінгі таңға дейін облысымыз қырғыз суына тәуелді болып келгені жасырын емес. Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы биыл осы мәселеге баса көңіл бөліп, су қоймаларын, каналдар мен көлдерді тиімді пайдалану бастамасын көтерді. Нәтижесінде қоймалардың құрылысы қарқын алып, түйткілдің түйіні тарқатыла бастады.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мекеменің теңгерімінде 7 су қоймасы, 11 су торабы, 2 бөгет және жалпы ұзындығы 3342 шақырымды құрайтын 491 канал бар екен.
– Биыл Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 5 ауданда 310 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Суармалы жер тиімділігін арттыру мақсатында «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңі бойынша Жамбыл және Қордай аудандарында қолға алынған құрылыс жұмыстары 2021 жылы толығымен аяқталады. Жоспарлы жұмыс діттеген межесіне жеткенде 10 мың гектар жер айналымға қосылады. Дәл сондай Шу ауданындағы каналдардың құрылысы да келер жылы бітеді деп күтілуде.
Шу мен Мойынқұм аудандарын ағын сумен қамтамасыз ететін Тасөткел су қоймасы бүгінге 57 пайызға толған. Келер жылдың суы көп жылдық орташа көрсеткішке сәйкес болса, су тапшылығы болмайды.
«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы 17 пайызға ғана толып отыр. Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймасы да 25 пайызға толған. «Қақпатас» су қоймасы 10 пайыздық межені ғана көрсетіп тұр. Ақкөл көлі 21 пайыз болса, «Ынталы», «Бүркітті» және «Жартас» су қоймаларында су тапшылығы болмайды деп жоспарланып отыр.
Әрине аталған су қоймаларына жиналатын су көлемі жауын-шашын мен таудан келетін қар суына да байланысты. Алайда келер жылы құрылысы аяқталатын каналдар ағын судың мол қорын жинауға көмектеседі дегенге сенім мол, – дейді филиал директоры.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзіне сүйенсек, коммуналдық меншіктегі су қоймаларының да жағдайы алаңдарлық күйде екен.
– Коммуналдық меншіктегі 106 су қоймасы арқылы суғарылатын жер көлемі 8100 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда су қоймаларында 5,35 миллион текшеметр су жиналған. Жалпы қоймалардың жобалық сыйымдылығы – 132,3 миллион текше метр суды құрайды. Көктемге дейін 96,4 миллион текшеметр су жиналады деп күтілуде. Алайда 9 су қоймасына су жиналмау қаупі бар. Мәселен Жамбыл ауданындағы «Сұлукөл» су қоймасы қазіргі таңда құрғап жатыр. Себебі 9 қоймаға су жеткізетін каналдарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биыл шілде-қыркүйек айларында құрылған жұмысшы топ су қоймалары маңындағы 2110 гектарды пайдалануға болатындығын анықтады. Бірақ аталған жерлер қойма деңгейінен жоғары тұрғандықтан оған су үнемдеу технологиясын пайдалану керек. Міне, осы жұмысқа аудан әкімдері көңіл бөлмей, 106 су қоймасының тек «Ақсу», «Сарғау» және «Береке» сынды үшеуінде ғана су үнемдеу технологиясы орнатылып отыр.
Жалпы су қоймаларының бүгінгі жағдайына келер болсақ, 41-інің техникалық жағдайы жақсы, 40-ы орташа және 25-інде төмен. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 130 миллион теңгеге 10 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 5 су қоймасын жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді.
Осы жерде айта кетерлігі, соңғы 2 жылда жөнделген 32 су қоймасына қазына қаржысынан 220 миллион теңге жұмсалды. Яғни, 1 қойманы жөндеуге 6,9 миллион теңге жұмсалуда. Егер «Жамбыл су қоймасы» мекемесіне 1 экскаватор мен 15 тонналық жүк көлігін алып берсе, шығын 50-60 пайызға дейін азаяр еді. Оған дәлел, «Майтөбе» су қоймасын жөндеу сметасы 6 миллион теңгені құраса, өз күшімізді салып цемент, жанармай және темір бұйымдарына бар-жоғы 500 мың теңге шығындадық. Осы жүйені қазір біз жоғары жаққа ұсынып отырмыз. Дегенмен 2021 жылға тағы 7 су қоймасын жөндеуге 97,4 миллион теңге қолдау тапты, – дейді басқарма басшысы.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөнделген Жуалы ауданындағы бұрын су мүлде жиналмаған «Қайрат», «Береке», «Жарбұлақ» және «Шетбұлақ» су қоймаларына су жинау мүмкіндігі туса, 6 су қоймасында дамбаларды нығайту жұмыстары жүргізілген. Осының есебінен келер көктемде ағын су мол болады деп күтілуде.
Бұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте баса айтып, алдағы жылдары Жамбыл облысы қырғыз суына тәуелділіктен арылатындығын хабардар еткен. Әсіресе аймақ басшысы биыл күрделі жөндеу көрген Ақкөл су қоймасы мен келер жылы қосымша жаңартудан өтетін Тасөткел су қоймасына айрықша сенім білдірді. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы құрылысы келер жылға өтпелі нысандар да ағын судың мол қорын жинауға септігін тигізетіндігіне үміт артты.

Жалпы биыл су қоймаларын жөндеумен қатар Қордай мен Байзақ аудандарында тағы 3 су қоймасы салынатындығы туралы көп айтылды. Бұл мәселе қазір егжей-тегжейлі зерделеніп, қажетті шығындары есептелуде. Егер аталған қоймалар да салынатын болса, қырғыз суынан бірден болмаса да, кезең-кезеңімен арылатынымыз анық.

 

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.