Қордайда құрылыс қарқын алды

40

Қордай ауданы биылғы жылы үлкен құрылыс алаңына айналып, көптеген игілікті істер қолға алынғаны көңілге қуаныш ұялатады. Аудандағы көптеген жылдар бойы қордаланып келген мәселелер шешімін тауып, тұрғындар риясыз ризашылығын жеткізуде.

Сондай игі істердің бірі Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында жүзеге асуда. Атап айтсақ, елді мекенге су құбыры тартылып, су қабылдау стансасының құрылысы жүргізілуде.

Осы орайда бір айта кетерлігі, ауызсу тарту бойынша аудан бойынша 2,7 миллиард теңгенің алты жобасы жүзеге асырылуда. Мәселен, Кенен ауылындағы су құбырын тарту жобасы тапсырылу кезеңінде болса, Қаракемер, Қордай және Отар ауылдарындағы жұмыстар 80 пайызға, Өтеген және Арал ауылдарында 90 пайызға аяқталған. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауданда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 73-тен 78 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Арал ауылындағы нысанда тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі Арал ауылынан 1,2 шақырым жерде орналасқан. Орталықтандырылған су құбыры 280 абонентке қызмет көрсетеді. Мердігер «ТемірСтройСервис и К» ЖШС қазіргі таңда аумақты жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Қордайлықтарға спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға да мүмкіндіктер көптеп жасалуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясында елімізде халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту және спортпен шұғылданушылардың санын 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген болатын.

Осының аясында ағымдағы жылы «Samruk-Kazyna Trust» ЖШС демеушілігімен Масанчи ауылында құны 57 млн. теңгені құрайтын стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, «Агроспецстрой» ЖШС  Әлжан ана ауылында құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінінің құрылысын жүргізуде.  Қаржыны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бөлген. Онда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында аяқталады деп күтілуде. Осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстары Отар және Бетқайнар ауылдарында да жүруде.

Биылғы жылы аудандағы білім саласына да айырықша көңіл бөлінуде. Мәселен, Әлжан ана ауылында №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. 1972 жылы қолданысқа берілген білім нысанының шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамтылып, 27 бейнекамера орнатылған. Жаңара түскен оқу орнында ендігі жерде білім сапасының арттыруға көп көңіл де бөлінетіні анық.  Бүгінгі таңда 868 оқушының бастауыш сыныптардағы 320 оқушысы мектепте, қалғаны қашықтан білім алуда.

Күрделі жөндеумен бірге жаңа білім ошақтары салынып жатқанын да айта кету керек. Бүгінде ауданда 3 жаңа мектеп құрылысы жүруде. Осының есебінен Күнбатыс-2 алқабындағы бір апатты мектеп және Масанчи мен Қалғұты ауылдарындағы мектептерде орын тапшылығы мәселесі толықтай шелілмек. Масаншыдағы мектеп құрылысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,2 млрд.тг. қаржы бөлінген. Сыйымдылығы 600 орындық. Бүгінге таңда құрылыс жұмыстары қарқын алып, қабырғалары көтеріліп, шатырын жабу қолға алынған.

Сонымен қатар, Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабында «Агроспецстрой» ЖШС 5 қабатты тұрғын үй құрылысын аяқтауға таяу. 60 пәтерлік қос үйдің бірі кірпіштен, екіншісі газаблоктардан тұрғызылуда. Оған жақын маңнан саябақ  және әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда. Қазіргі күнде 1524 қордайлық тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың кейбірі осы жылдың соңына дейін қоныс тойын тойлайды.

Ал, Қаракемер ауылында қолға алынған коммуналдық пәтерлердің құрылысы биылғы жылы басталып, қазір толықтай аяқталды деуге толық негіз бар. Құрылысқа 224 млн.теңге қаржы бөлінген. 20 коммуналдық пәтер бой көтерген. Көп ұзамай құрылысшылар кілтін тапсыруды көздеп отыр.

Қордайдағы қарымды істер қатарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан газдандыру жұмыстары қарқын алған. Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбырын келтіретін құрылыс-монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталуға таяу болса, 15 қазан күні құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округіне газ кіргізілді. Бүгінде қос ауылдың тұрғындары ретімен газға қосылып, аталмыш жұмыстардың жүруіне ықпал еткен Мемелкет басшысына алғыстарын айтуда.

Сонымен қатар, «Отар аумағындағы» 12 елді мекенге, атап айтсақ Отар, Гвардейский, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Алға, Көгадыр, Соғанды, Мұзбел, Аңырақай, Бел ауылдарына 175 шақырым магистралдық газ желісінің және АГРС-тің құрылысына 5,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар басталған. Бүгінде бірнеше ауылда газ желілері тартылу қарқын алған.

Көп ұлтты ауданда қазақ тілін үйрену жайына да көп көңіл бөлінуде. Мәселен, Сортөбе ауылындағы «Бүлдіршін» балабақшасында қазіқ тілін оқыту курстары жандана түссе, жалпы Қарасу, Ауқатты, Масанчи, Сортөбе ауылдық округтеріне қарасты орта мектептерінде мемлекеттік тілді меңгеруді қажет ететін 595 педагог және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өзге ұлт өкілдерін құрайтын 136 тәрбиешісі жұмыс істейді.

Мемлекеттік тілді еркін меңгеру үшін «Тілдерді үйрету орталығында» қазақ тілін жеделдетіп оқытатын курстары ашылып, курсты жүргізуге қазақ тілінің білікті 40 пән мұғалімі тартылған.  Бүгінгі күнге жалпы 595 педагог курстан өтуде, оның 167-і бірінші деңгейдегі мемлекеттік тілді меңгеріп, келесі кезеңге өткен. Аталған орталықта 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлығы 812 тыңдаушы, оның ішінде  725 дүнген,  57 орыс, 14 қырғыз, 4 әзірбайжан, 6 өзбек, 2 ұйғыр, 1 балғар, 1 кәріс, 1 қарашай, 1 татар ұлты өкілдері қамтылған. Оның ішінде оқу курсын аяқтаған тыңдаушылар саны 255 адам. Сортөбе, Масанчи, Ауқатты, Қарасу, Бұлар батыр ауылдарында 25 топта 326 тыңдашуы дәріс алуда.  Мемлекеттік тілде оқу курсын 326 тыңдаушы өтуде.