Қордайлық студенттер лимон өсіріп, өнімін жинауда

0 1
2019 жылы Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің ұжымы жылыжай салып, лимон өсіруді қолға алған. Енді таңсық жемістің өнімі жиналып, облыс орталығында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесіне сатылымға жіберілмек.
Бір қызығы, лимон ағаштарының бір жағы гүлдеп жатса, бір жағы өнім салып жатады. Көшеттер Өзбекістаннан әкелінген, шырынды және дәмді өнім беретін жақсы сұрыптары таңдалған. Жылыжайдың ауданы бойынша құбырлар тартылған, себебі қыста лимондарға арнайы температура қажет.
Жылыжай колледж директоры Гүлнар Әлімбаеваның бастамасымен іске қосылыпты. Білім беру мекемесінде жеміс-көкөніс өсіруші мамандығы бар, студенттердің білімдерін жетілдіруге барлық жағдай жасалған.
Ауданы 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері бар, ондағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді. Жылыжай күн сәулесі түсіп, жылу ұстайтын полиэтиленмен жабылған.
Ерте көктемнен бастап, бір жыл бойы білімгерлер агроном Қуаныш Жақсылықовтың қадағалауымен әрбір көшет пен өсімдікке күтім жасайды.
Колледж басшылығы жылыжайдағы тәжірибелік сабақтар оқу материалын оңай игеруге көмектеседі деп санайды. Балалар экологияға қызуғышылық танытып, жылыжайдағы ғана емес, мектептен тыс өсімдіктерге де көзқарасы өзгерген. Жылыжайда суғару, артық бұтақтарды кесу, жабайы шөптен қорғау, температуралық режим мен жарықтандыруды бақылау сынды жұмыс жүргізіледі.
Колледжде жылыжайдан басқа өзінің бау-бақшасы бар. Студенттер қызанақ пен қияр өсіреді. Алынған өнім асханада тамақтанатын студенттердің рационына енгізілген, өнімнің бір бөлігі консервіленсе, бір бөлігі қайырымдылық көмек ретінде қарттар мен аз қамтылған отбасыларға таратылады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.