Қос отбасы баспаналы болды

0 63

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде «Асарлатып үй салу» жобасы аясында пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің қатарына тағы да екі үй қосылды. Баспана бақытына ие болған жандардың бірі – қарасулық тұрғын Біржан Қойшыбаевты аудан әкімі арнайы барып құттықтады.

Аудан бойынша аталмыш жоба арқылы пайдалануға ұсынылған оныншы баспананың қуанышына арнап сөз сөйлеген Нұржан Молдиярұлы игілікті істің жүзеге асуына белсенді атсалысқан ауыл азаматтарына шынайы алғысын білдірді.  Ал, қарасулық ағайындар атынан Жақаш ауылы мешітінің имамы Бакубек Скендиров сөз алып, асарлатудың арқасында баспаналы болып жатқан азаматты қуанышымен құттықтап, аталған жоба өсіп келе жатқан жастарды бауырмалдыққа, жанашырлыққа тəрбиелейтіндігін айтты.

Қарасу ауылындағы Абдрахманов көшесі №32 үйдің тұрғыны, көп балалы аз қамтылған отбасы Біржан Қойшыбаевтың қуанышында шек жоқ. Ауылдастар ақылдаса келе оған үш бөлмелі тұрғын үйдің іргетасын қалап, қазіргі таңда шатыры жабылып, ішкі  және сыртқы сылақ жұмыстары жүргізілген баспана заманауи үлгіге сай. «Жақсының жақсылығын айт…» — демей ме атамыз қазақ. Айтулы шара көптің көмегімен жүзеге асқаны белгілі. Айтулы іске өзіндік үлесін қосқан «НДК-2017» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, атпал азамат Асылбек Жантаев үйдің ішкі есіктерін орнатып, қаржылай 150 мың теңге көмек берсе, «Бахыт» шаруа қожалығы атынан Бахыт Биторсықов елу мың, «Tara-Z» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігінің бас директоры Рауан Меркебаев елу мың, жеке кәсіпкер Даулет Аширбеков елу мың және «Қосы батыр Сәмбетұлы» атындағы қоғамдық қоры жүз мың теңге қаржылай қолдау көрсеткен. Ал, «Бутинбаев» шаруа қожалығы бір қой, «Найзабек» шаруа қожалығы екі қой, ауылдастары Абдумалик Буралхиев пен Чаймухамед Амирханов әрқайсысы бір-бір қойдан апарып, қорасына кіргізіп берген. Бұл да көпбалалы отбасыға көрсетілген жәрдем десек артық болмас.

*   *   *

Осы күні Көктал ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы бой көтерген он бірінші баспанаға көп балалы отбасы Құралбай Мадатов та ие болды.

Сонау 2012 жылы Өзбекстаннан ата қонысқа көшіп келген Құралбай аға 2018 жылға дейін Шымкент қаласы маңында, содан бертін келе Тараз қаласына, кейіннен Көктал ауылына қоныс аударады. Баспана тауқыметін неше жылдар бойы тартқан Құралбай Мадатов жұбайы екеуі төрт баласымен пәтерден пәтерге ауысып өмір сүргендерін, соңғы бір жылдың ішінде үш мәрте пәтер ауыстырып тұруға мәжбүр болғандарын айтады. Баспана зардабын тартқан отбасыға үш бөлменің өзі кең сарайдай болғаны анық.

Асарлатып жүзеге асырылған іске ауыл азаматтары да сүбелі үлестерін қосқан. Салтанатты шара соңында асарға белсенді атсалысқан бірқатар ауыл азаматтары аудан әкімінің, аудандық мәслихат хатшысының және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының, Көктал ауылы әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.