Шалғай аудандағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде

0 2

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың қызметімен және құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен Ұланбел ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте болған аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен әңгімелесті. 400 орынға есептелген мектепте 192 оқушы білім алуда.1966 жылы салынған екі қабатты ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. ДиректорыГүлнұр Әбілованың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Бердібек Сапарбаев бұл мәселе міндетті түрде қарастырылатынын айтып, білім басқармасына тиісті шараларды атқару бойынша тапсырмалар берді.

– Келер жылы мектепті оқу жылы басталғанға дейін күрделі жөндеуден өткізу керек. Нысан пайдалануға берілгенге дейінгі жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауға алу қажет, – деп облыс әкімі білім басқармасына, Мойынқұм ауданы әкімдігіне нақты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарымен кездесудеоблыс әкімі  интернетпен қамтамасыз ету және жолдарды жөндеу мәселелері келесі жылы толық шешілетінін айтты. Өз кезегінде тұрғындар мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын, жалпы жайлы жағдай жасалуда екенін атап өтті.

Бұдан соң аймақ басшысы Қарабөгет, Сарыөзек ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысымен танысты. Мұнда су құбыры биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тартылған. Аталған ауылдарда 900-ге жуық тұрғын тұрады.

Ардагер Уәлихан Бидайбеков тұрғындар атынан облыс басшылығына алғыс білдірді.

Мойынқұм ауылында «Ауыл – ел бесігі»бағдарламасы аясында Б.Момышұлы атындағы орталық стадионның құрылысы жүзеге асуда. Осы жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстарын мердігер «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС атқаруда. Жобалық құны – 204,7 миллион теңге. Мердігер кестеден айтарлықтай артта қалып келеді.

Облыс әкімі серіктестіктің жұмысын және жұмыс барысын қадағалауға тиіс жауапты тұлғаларды сынға алды. Салалық басқармаға нақты тапсырмалар жүктеп, ең бастысы – құрылыстың уақытылы және сапалы орындалуы керектігін баса айтты. Құрылыс, білім басқармалары және аудан әкімдігі жоспарлы жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Мойынқұм ауылында салынған төрт екі пәтерлі үй – Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуының жарқын мысалының бірі. Бұл мақсатқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 109,2 миллион теңге бөлінген. Пәтер кілттеріне халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасылар ие болған.

— Біз отбасымызбен Тәуелсіздік күні қарсаңында қоныс тойымызды тойладық. Бұл мерекеге орай тамаша тарту болды. Шынымды айтсам, күйеуім екеуміз әлі күнге дейін өзіміздің баспанамыздың болғанына сене алар емеспіз. Әсіресе, балалар мәз, — дейді көпбалалы ана Арайлым Рүстембекова.

Бұдан соң облыс басшысы осы ауылдағы №8 колледжде болды. Оқу ордасының бас корпусы 1974 жылы салынған. Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген. Негізгі ғимараттың қасында орналасқан ынғайластырылған ғимаратқа (1982 жылы салынған) күрделі жөндеу қажет. Аймақ басшысы аудан әкімінен бұл мәселені тезірек шешуді талап етті.

Бердібек Сапарбаев аудан активімен өткен жиында жұмыс сапарын қорытындылап, Мойынқұмның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жаман еместігін, бұл қарқынды одан әрі арттыруға тырысу керектігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.