Шу өңіріндегі нәубет шындығы

0

Коммунистік партия 1927 жылғы XV съезінде жеке шаруашылықтарды қоғамдық меншікке айналдыру бағытын жариялады. Биліктің елді ұжымдастыру және отырықшыландыру шаралары халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өркениет негізінде жасалған дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп, қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайының құлдырауына әкеліп соқты.

1928-1930 жылдардың аралығында Шу өңіріндегі кішігірім аудандар Алматы округінің құрамында болған. Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивтен алынған анықтама бойынша, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, олардың орнына аудандық әкімшілік-аумақтық басқару ұйымдастырылады. Осы қаулымен жаңадан құрылған 121 аудан қатарында Шу ауданы құрылады. Орталығы – Шу ауылы болып бекітіледі.

Аталған қаулының негізінде 1930 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақ АКСР Орталық Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен бұрынғы Алматы округінің құрамында болған Шоқпар мен Мойынқұм аудандары және Вознесенск ауылы біріктіріліп, Шу ауданы болып қайта құрылды.

Шоқпар ауданының ауылдары Шу ауданына қосылғаннан кейін жаппай ұжымдастыру жоғарыдан түскен нұсқаулар бойынша әкімшілік күштеу арқылы жүргізіле бастады. Байлар мен би-болыстардың мал-мүлкін тартып алып, колхозға біріктірді.

Үсті-үстіне ет және жүн өткізу шаралары іс жүзінде малды жаппай қыруға ұласты. Кеңес өкіметінің уәкілдері аудан колхоздарындағы дәнді дақылдардың бәрін, тіпті тұқымға сақталған қорды да жүк вагондарына тиеп, Ресейге жіберіп жатты.  Егер астығын жасырып қалатын болса, оларды өте қатал жазалаған.

Жаппай жазалау мен ашаршылықтың зардаптары 1930 жылы жаңадан құрылған Шу ауданының құрамына кірген Шоқпар аймағындағы қазақтарға да келіп жетті. Ашыққан шулықтардың басым бөлігі жаяу-жалпылап көршілес қырғыз еліне бет алды, ал қолдарында тәркілеуден жасырып қалған күш-көліктері бар байлар кедей-кепшіктерімен, жарлы-жақыбайларымен бірге Қытай асты.

Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың сталиндік моделі Қазақстанның барлық аймағында жалпы жұртшылықтың наразылығын туғызды. Солардың бірі – 1931 жылы Шу өңірінде билікке қарсы Жолшыбаев бастаған көтеріліс болды.

Бұл сол жылғы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған жалғыз ғана көтеріліс емес еді. Шу өңіріне жақын маңдағы Сарысу, Балқаш, Қордай, Қастек және тағы басқа аудандарда осындай көтерілістер кең орын алды.

Ғалым М.Қозыбаевтың деректері бойынша, 1930 жылдың басында-ақ көрші елдерге Шу өңіріндегі қазақтардың 60 пайызы көшіп кеткен.

Басы ауған жаққа босып кеткен ел-жұрт шөптің тамырымен, өсімдіктің жапырағымен қоректене бастайды. Кейбір аудандарда ашыққан адамдар ит пен мысықты және сарышұнақты отқа қақтап жеп, қатқан терілерді суға қайнатып, соның сорпасын ішкен. Көнекөз шежірелі қарттардың айтуларына қарағанда, Шу, Қордай, Талас, Меркі аудандарында адам етін жеу оқиғалары да болған. Сонымен қатар осы аудандарда тонау мен талау күшейіп, адам өлтіру көбейіп кеткен. Аштықтан есі ауысып жынданып кеткендер де болыпты.

Өкінішке қарай, Кеңес өкіметінің басшылығы нәубет жылдардағы орасан зор апаттың себептерін күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, сонымен қатар астық және ет дайындауға қатысты екендігін, тағы басқа ірі қателіктерінен болғандығын мойындамай өтті.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.