Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» ашылды

101

Қордай ауданындағы Сортөбе ауылынан «Имамдар үйі» орталығы бой көтерді. Енді мұнда облыстағы имамдардың жиналыстары өткізіліп, оқу курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін дәрістер де осында өтеді.

Татулықты нығайтып, отбасы құндылықтарын насихаттап, діни алауыздықтың алдын алу мақсатында салынған «Имамдар үйінде» оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы және дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт, мәжіліс залы бар. Әрине асхана мен гигиеналық бөлмелер де қамтылған. Тіпті, келуші меймандарға арналған жатақхана да бар.
Қордай ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаевтың айтуынша, орталық аудан тұрғындарының, жамағаттың күшімен, өз қаржыларымен тұрғызылған.
– Қазір діннің атын жамылып, өзінің жымысқы пиғылын жүзеге асырушылар баршылық. Ол қалың қауым арасында көрініс беріп те жүр. Біз ондай олқылықтардан сабақ алып, кем-кетікті толықтыруға тиістіміз. Мысалы, жыл басында Қордай ауданында орын алған оқиға үлкен сабақ болды. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз бірлікпен тірлік етіп, ынтымақпен ырысқа кенелерімізді өсиеттеді. Міне, осы мақсатта Ислам жалпы халықтың ұлтына қарамастан бәрін бауыр тұтып, кешірімшілдікпен, кішіпейілділікпен, тату-тәтті өмір сүруді дәріптейтінін көрсететін «Имамдар үйін» тұрғызуды аудан тұрғындары қолға алды. Нәтижесінде еңселі әрі заманға лайық жабдықталған, тек көпшілікке шарапатты іс-шараларды ұйымдастыруға арналған ғимарат бой көтерді. Әрине жалпақ жұртқа имандылық уағыздары, татулыққа шақыратын насихаттар тек осы жерде ғана айтылмайды. Мешіттерге намаз оқуға келген жамағатқа да, таратылатын Құдайы тамаққа келушілерге де ізгілікке шақыратын уағыздар насихатталуда, – дейді ауданның бас имамы.
Аталмыш орталық имамдардың ғана жиналатын орны емес, республикалық және жергілікті ақпараттық-насихат топтарының бас қосып, күрделі мәселелерді талқылайтын ортасына айналмақ.
Сондай-ақ, оңалту бөлмесінде отбасылық қиын жағдайға түскендермен сырласып, оң жол көрсететін жұмыстар жүргізіледі. Тіпті, өзін жалғыз сезініп, жабығып жүрген кісілер де осында келіп, білікті мамандардан кеңес алып, сұхбаттасуға мүмкіндіктері бар.
Бұрын-соңды болмаған «Имамдар үйі» имандылықты, адамгершілікті насихаттайтын, қиналған жанға оң жол көрсетіп, жабыққанға үміт сыйлайтын, қоғамның түйінді мәселелерін талқылайтын ұлағатты ұя болғалы отыр. Татулықты ту етіп, тәлім-тәрбиені күшейтуді қолға алған тың бастамаға сәттілік тіледік.

 

Қамар Қарасаева,

Қордай ауданы