Таразда алғашқы эндокринологиялық орталық ашылды

18

Таразда «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалы базасында эндокринологиялық орталық ашылды. Оның салтанатты ашылу лентасын ҚР штаттан тыс бас эндокринологы Лаура Даниярова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қиды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде қант диабетімен ауыратын пациенттердің саны 415 миллионды құрайды. 2040 жылға қарай олардың саны 642 миллион адамға дейін артуы мүмкін деген болжам бар.

Жамбыл облысы бойынша 2020 жылдың қазан айындағы есеп бойынша диспансерлік есепте диабетпен ауыратын 19250 тұрғын бар, оның ішінде 18000-нан астамы (95%) 2 типті қант диабеті бар пациенттер. Соңғы 5 жыл ішінде онымен ауырған азаматтардың саны жыл сайын 6-8%-ға артып келеді. Сондай-ақ, жыл сайын 1500 адамға алғаш рет осындай диагноз қойылып отырады. Жылына орта есеппен 500 науқастың өліміне диабет ауруы себеп  болуда.

Облысымызда алғаш рет эндокринологиялық орталықтың ашылуы –аурудың алдын-алуға халықты шақыру, емделушілерге кеңестер беру, дерттің кейінгі және кері әсерлері туралы елді ақпараттандыру, «Диабет мектебінің» ықпалын кеңейту, тұрғындарды ауырып ем іздегеннен ауырмаудың жолын іздеуге  шақыру.

Орталық барлық аспаптық тексерулермен және зертханалық қызметтердің барлық спектрімен жабдықталған. Мұнда физиопроцедуралар мен медициналық оңалтуды қоса отырып, күндізгі және тәуліктік стационар жағдайларында емделуге, биопсияны диагностикалаудың инвазивті әдістерін жүргізіп, сүт, қалқанша безіне, ерлердің жыныс мүшелеріне және басқаларға хирургиялық араласулар жасауға да мүмкіншіліктер бар. Халыққа білікті эндокринологиялық-консультациялық көмек көрсету бағытында қызмет ететін орталықта білікті де білімді мамандар қызмет ететін болады.

Орталық ашылумен қатар осы күні «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалы базасында облыс эндокринологтарының конференциясы да өткізілді. Конференцияда «Қант диабетін емдеудегі инновациялық инсулинотерапия», «Covid-19  пандемиясы жағдайындағы қант  диабеті» және «Жамбыл облысының эндокринологиялық қызметі» тақырыбында мәселелер талқыланды.