Таразда аспаннан улы зат шашып жатыр — фейк

0 4

Instagram әлеуметтік желісінде қолданушылар Таразда түсірілген бейнероликті талқылауда. Кадрларда аспанда ұшып өткен ұшақтан қалған ақ із көрінеді. Автордың айтуынша, бұл адамдарды «улайтын» химикаттар шашудың дәлелі.

Жамбыл облысының әкімдігі химиялық заттарды ауаға шашу туралы ақпаратты жоққа шығарды. – Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, Таразда дезинфекция немесе аспаннан қандай да бір заттарды шашу арқылы өңдеу жүргізіліп жатқан жоқ.

Дезинфекциялық іс-шаралар арнайы мекемелермен рұқсат етілген препараттармен жерүсті автокөлігімен жүзеге асырылады, – деп хабарлады ведомстводан. Демек, видеоға түсірілген аспандағы ақ із — конденсациялық із. Олар ұшақ суық және ылғалды ауа массаларынан өткен кезде пайда болады. Конденсациялық із әртүрлі пішінде болуы мүмкін және әртүрлі уақыт аралығында көрінеді. Ұшақтардан у мен басқа да химиялық заттар шашу — конспирологиялық теория. Біз оны растайтын ешқандай дәлелдер жоқ екенін айтып, бірнеше рет жоққа шығардық.

Сонымен қатар, бұл теорияны жақтаушылардың өздері ұшақтардың не шашатыны бойынша ортақ пікірге келмей отыр. Олардың кейбіреулері әуе кемелері адам қанын тастайды, ал басқалары адамдарға графен оксидін шашады деп мәлімдейді. Басқа теориялар бойынша, ұшақтар вирустар , фосген және басқа да қауіпті химикаттар тасымалдайды. Осылайша, видеода аспаннан қалаға қауіпті заттар шашудың дәлелі емес, ұшақтың конденсациялық ізі көрсетілген.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.