Таразда қоғамдық орындарға рейд жасалды

101

Жер шары коронавирус инвекциясының құрсауында қалғалы бір жылға таяп қалды. Дүние жүзі індеттен құтылудың барлық шараларын жасап баққанымен, одан түбегейлі құтылатын күннің әзірге жақындайтын түрі жоқ. Себебі қазір әлемнің кейбір елдері коронавирус инфекциясының екінші, үшінші толқынын бастан өткере бастады. Біздің еліміз де індеттің бірінші кезеңіне сәтті тойтарыс бергенімен, қазір Қазақстанның бірқатар аймақтарында індет жұқтырғандардың саны көптеп тіркелуде. Өз өңірімізде де жағдай арқаны кеңге саларлықтай емес. Себебі соңғы уақытта Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарында аталған инфекцияны жұқтырушылардың саны күрт өскен. Мәселен соңғы уақытта Тараз қаласында коронавирус инфекциясын күніне 20 шақты адам жұқтырғаны анықталуда. Ал жағдайды одан ары ушықтырмау үшін сақтық шараларын ұстану маңызды. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһар тұрғындарына санитарлық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев бастаған түсіндіру тобы кешкілік рейдке шығып, аялдамалар мен қала ішіндегі автобустардағы жағдайды зерделеді. Ішіне мөлшерден тыс адам толтырып алған қоғамдық көлік жүргізушілері мен маска тақпаған жолаушыларға сақтық шараларын ұстану жөнінде кеңес берді.

– Жыл басынан бері Тараз қаласында 1990 адам індет жұқтырды. Жағдай біршама тұрақтанғанымен, қараша айында індеттің өршуі қатты байқалып отыр. Коронавирус ауруының салдарынан соңғы екі аптада шаһарымыздың 11 тұрғыны көз жұмды. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханада 104 адам жатса, 51 тұрғын үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Індет жұқтырғандардың дені жасы елуден асқандар. Олар вирус қалай, қайдан жұққанын тап басып айта алмай отыр. Айтуларынша, науқастар ауырмай тұрып шақырған жиын-тойлардан қалмаған. Сондықтан да біз адамдар тамақтанатын және жиі шоғырланатын басқа да орындарға, қоғамдық көліктерге рейд жасап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені сақтық шараларына қатаң мән бермесек, ертеңгі күні опық жеп қалуымыз мүмкін, – дейді Тараз қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Рита Алтынбасова.

Жалпы рейд барысында «Дәмдес» супермаркеті секілді ірі сауда орындары мен өзге де дүкен-дүңгіршіктердегі, «DISKOVERY», «Изюм» дәмді палау» сынды бірқатар тамақтану орындарындарына да зерделеу жұмыстары жүргізілді. Даяшы не сатушылары тұтынушыларға медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жатқан немесе ішінде тұтынушылары маскасыз жүрген, дене қызуын өлшейтін құрылғысы жоқ нысан әкімшісіне ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сақтану шаралары жазылған парақшалар таратылды.

Нұрым Сырғабаев