Таразда тіл жанашырлары марапатталды

0 74

Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты апталықтың ашылуы өтті.  Басқосуды облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова  ашып, еліміздегі тіл саясаты мен мемлекеттік тілге қатысты орамды ойларын ортаға салды.

Салтанатты шара барысында мемлекеттік тіл саясатын ақпараттық  ілгерлету, мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жеңімпаздары «Үздік мақала», «Үздік сайт мақаласы», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама» номинациялары бойынша марапатталды.

Сондай-ақ  жыл басынан бері этнос өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» челленджінің Абай шығармаларын қазақ тілінде орындаудан жеңімпаздар  және  өңірдегі тіл саясатын насихаттау бағытында белсенділік танытып жүрген бірқатар тіл жанашырлары Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен құрметтелді.

Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, ф.ғ.к, ономаст ғалым Зиба Құламоваға, облыс әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Атенге және басқарманың Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбековаға тапсырылса, Тіл саясаты комитеті Төрағасының Құрмет грамотасы  «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі Сәуле Айдарбековаға, Дулати университетінің доценті Гүлнар Алтаеваға, Меркі ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиевке, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ринат Сартаевқа және облыстық «Ақ жол»  газетінің бөлім редакторы Табиғат Абаилдаевқа берілді.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының бас жүлдесі «Ақжол» газетінің тілшісі Есет Досалыға бұйырса, екінші орынды Республикалық «AIQҮN» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Саятхан Сатылғанов еншіледі. Үздік үштікті Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл түйіндеді.

Үздік сайт мақаласы бойынша «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық жүзден жүйрік шықса, «Үздік радиобағдарлама» номинациясын облыстық «Jambyl» радиосының тілшісі Лаура Сыздықова иеленді.

«Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпазы ретінде облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Анжелика Пронина танылды.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.