Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы «Жүрек» кардиохирургиялық орталығы» ЖШС-нің медициналық орталығының құрылысын көрді.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталған төрт қабатты ғимарат келер жылдың маусым айында аяқталуы тиіс.  Мердігер – «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС.

Салынып жатқан медициналық орталық жүрек ырғағы бұзылған науқастарға білікті медициналық көмек көрсететін болады. Мекеме облыста теңдесі жоқ жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі бар соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталмақ.

Бұдан соң облыс әкімі №22 орта мектебіне барды.

Сонау 1880 жылы негізгі ғимаратының іргесі қаланған нысанның әбден тозығы жеткен болатын. Соны ескерген облыс басшылығы өткен жылы мұнда 600 орындық жаңа мектеп салуға шешім қабылдаған.

Үш қабатты жаңа білім ордасының бүгінде құрылысы толығымен аяқталған, келесі аптадан бастап оқушыларды қабылдауға дайын.

Оқушылар бұған дейін ескірген, тар мектепте білім алса, енді жайлы, жылы, заманауи, кең нысанда оқитын болады. Ғимарт асхана, спорт зал, мәжіліс залымен жабдықталған. Инклюзивті білім беру үшін барлық мүмкіншілік қарастырылған.

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген №31 орта мектебі де толығымен күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Сыйымдылығы 1220 орынды құрайтын оқу ордасы бұған дейін тозығы жеткен күйде болатын десек, бұл мәселе жергілікті биліктің қолдауымен бар-жоғы бес айда түбегейлі шешіліп отыр.

Облыс әкімі барлық қажеттілікпен жабдықталуына, ішкі-сыртқы безендірілуінің сапалы жүргізілуіне айрықша назар аударып, жайлы нысанда оқитын оқушылардың білім сапасы да төмен болмау керектігін баса айтты.

— Біз балалардың сапалы білім алуы үшін материалық-техникалық қамтылуына қатысты барлық жағдайды жасаудамыз. Ендігі міндет ұсаздарға жүктеледі. Сіздер тек сапалы білім беріп қана қоймай, жақсы тәрбиені де оқушылардың бойына сіңіру керексіздер. «Жомарт түлек» жобасының мүмкіндігін барынша пайдалану қажет. Осы мектептен түлеп ұшқан танымал, табысты тұлғалардың жетістігін, өмір жолын өнеге ретінде ұсыну керек. Сонда, оқушылар да өз жерлестері секілді биіктен көрінуі үшін барынша талпынады,-деді Б. Сапарбаев.

Иманалиев көшесі мен Төле би даңғылы бойындағы жеке кәсіпкерлер есебінен салынып жатқан 4,9,12 қабатты тұрғын үйлермен танысқан аймақ басшысы шаһар шырайын арттыра түсетін, тұрғындарға жайлы осындай үйлерді, ерекше үлгідегі ғимараттарды көптеп салу керектігіне тоқталды. Ол үшін жергілікті әкімдік жер телімі мен инфрақұрылым жүргізу бойынша қолдау көрсететінін айтты.

Облыс әкімі «ALMAZ MEDICAL GROUP» ЖШС-нің жаңадан салынып жатқан медициналық орталығына да барды. Бір ауысымда 350 келушіге қызмет көрсетуге арналған жоба 2022 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Осы аймақта тұратын 30 мыңға жуық тұрғын басқа емханаларға барып әуре болмайды.

Мұнда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, диагностикалау, 10 төсектік күндізгі стационар, процедуралық және егу кабинеттері, 4-разрядты шұғыл медициналық көмек бөлмелері жұмыс істейтін болады. Дәрігер, медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар қызмет етеді және рентген, маммография, ЭКГ, УДЗ, спирография секілді басқа да  керекті медициналық қондырғылармен жабдықталмақ.

Бердібек Сапарбаев барлық нысандардағы жұмыстардың сапалы және бекітілген кестеге сай атқарылуы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылысқа отандық материалдарды пайдалану керектігін атап өтті.