Таразда жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді

0 8

30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Тараз қаласында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен Д.Қарбышев атындағы №16 мектептің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер тіледі.

Құттықтау сөзінде Бердібек Машбекұлы ағымдағы жылы облыста 21 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 11-і, жаңа оқу жылына орай 7-еуі пайдалануға берілетінін жеткізді. Сондай-ақ  аймақ басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдау жыл санап артып жатқанына тоқталды.

Нысан құрылысын «Сұңқар 2002 » жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ал жаңа ғимараттың сыйымдылығы 348 орынға жоспарланған және заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
Мұнда оқушылардың қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінген. Мектеп аумағына 15 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы аясында ішкі істер департаментінің дабыл жүйесіне қосылған.
Сонымен қатар білім беру мекемесіне жаңа спорттық алаң,балаларға арналған жолда жүру ережелерінің бұрышы, «Шахмат тақтасы», «Мак», «Лабиринт» секілді ойлау-дамыту зоналары ашылып, мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аталған білім ордасының директоры Жанна Оңғарбаеваның айтуынша, биыл мектеп табалдырығын 1410 оқушы аттайды.

Мектепті, оқу кабинеттерін аралап көрген Б. Сапарбаев мердігер компания өкіліне құрылыс барысында жіберілген бірқатар кемшіліктерді жоюды тапсырды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.