Тараздықтар індеттің екінші толқынына дайындалуда

76

Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тараз қаласында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары туралы баспасөз конференциясы өтті. Жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Тараз қаласының санитарлық дәрігері Рита Алтынбасова қатысты.

Қала әкімінің айтуынша, Тараз қаласы халқының аурушаңдылығы бойынша эпидмиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Карантин шараларын әлсірету сәтінен бастап аурушаңдықтың тұрақтану, төмендеу үрдісі байқалмайды және барлық жерде тіркелу орын алуда, яғни қаланың емханалық мекемелерінің аумағы бойынша аурушаңдық тіркелуде.

– Наурыз айының 26-сынан бастап өткен кезең аралығында коронавирустық инфекция мен пневмонияның 1 642 жағдай тіркелген. Коронавирустық инфекциясына шалдығудың шарықтау шегі маусым-шілде айларында тіркелді,. Алдын ала жүргізілген болжамдар бойынша аурудың екінші толқыны қараша-желтоқсан айларында орын алуы мүмкін деп күтілуде.

Сондай-ақ бұрын науқастардың бойында қалыптасқан ауруға қарсы антиденелердің бір айдан кейін төмендеп, олардың қайта ауруға шалдығу қауіпі жоғары екендігін ескергендігіміз жөн, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Шаһар басшысының келтірген мәліметтеріне сәйкес, науқастанғандардың ішінде медициналық қызметкерлер – 122, жұмыссыздар – 371, білімгерлер – 9, зейнеткерлер – 351, әскери қызметкерлер – 106, өндірістік кәсіпорын қызметкерлері – 28, мемлекеттік қызметкерлер – 11, полиция қызметкерлері – 27, оқушылар – 26, ұйымдасқан балалар – 18, жүкті әйелдер – 23, зертхана қызметкерлері – 10, басқалары – 350.

Бұдан бөлек, инфекция ошақтарында қарым қатынаста болған 7 942 тұлға анықталған. Олар бақылаудан алынып, барлық ошақтарда Жамбыл облысы филиалының «Ұлттық сараптама орталығымен» қорытынды залалсыздандыру іс-шаралары жүргізіліпті.

– Қазіргі таңда коронавирустық инфекциясымен науқастанғандар Бейбітшілік көшесі, 153 үй мекенжайы бойынша ораналасқан Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық корпусының бөлімшесінде стационарлық ем қабылдауда. 14 қазандағы дерекке сәйкес, КВИ диагнозымен 9 науқас ауруханада ем қабылдауда. Оның 4-еуі ауыр жағдайда. Ал пневмония диагнозымен 10 адам ембеліп жатса, оның ішінде  1 азаматтың жағдайы ауыр, – деді А. Қарабалаев.

Келесі кезекте сөз алған Рита Өмірханқызы қазіргі таңда бұрынғы қалалық перинаталдық орталықтың ғимараты қосымша 200 төсек-орынға арналған инфекциялық стационар ретінде жабдықталып жатқандығы жөнінде айтты.

Жалпы, шаһарда тамыз айынан бастап коронавирустық инфекциясымен ауырғандарды оңалтуға арналған 100 төсек-орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр.

– Қала бойынша коронавирусық инфекцияға ПТР зерттеу 6 зертханада жүргізіледі. Олар – Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасы, Ұлттық сараптама орталығы Жамбыл облысы филиалы, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы, Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы, «Олимп» және «Инвиво» медициналық орталықтары, – деді қаланың бас санитары.

Орын алып отырған жағдайға қарамастан сақтық шараларына бей-жай қараушылар да азаймай отыр. Мәселен, Тараз қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен карантин режимін және санитариялық талаптарды бұзу дерегі бойынша 94 әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі хаттама толтырған. Нәтижесінде, жалпы сомасы 10 672 120 теңгеге  айыппұл салынған.

Мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында қазіргі уақытта қала аумағында карантин режимінің сақталуын бақылауға 12 мониторингтік топ жұмыс істеуде. Жамбыл облысы аумағында инфекция жұқтырғандар саны көбейген жағдайда карантин талаптары күшейтілетін болады.