Тәртіпке бағынбаған тараздық кәсіпкерлерден 10 млн. теңгеге жуық айыппұл өндірілген

72

Дүние жүзін үрей құшағында ұстаған биылғы пандемияның салқыны біздің елімізді айналып өткен жоқ. Алайда салдары ауыр соққан індет облыс орталығындағы мейрамханалардың иелері сабақ алмаған секілді. Мұны Тараз қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мобильдік штабтың арнайы ұйымдастырған рейдтерінің нәтижесінен көруге болады. Аталмыш мәселе қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың қатысуымен өткен жиында сөз болды. Басқосуға шаһардағы мейрамханалардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алмас Қадірбекұлының айтуынша, шаһарда салынған тыйымға қарамастан, мейрамханалардың мейманасы тасып, кәсібін жалғастырып жатқандары бар.

– Біз өткен сенбі, жексенбі күндері мейрамханалардағы карантин тәртібін сақтау бойынша арнайы рейд ұйымдастырдық. Демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынған нысандарды зерделеу кезінде «Сәтті», «Бүркіт», «Ақ сарай», «Сұлтан сарай», «Заравшан», «Севинч», «Ерғали», «Інжу-Маржан» сынды бірнеше мейрамханада той-томалақ секілді жиындардың болғаны анықталды. Осы заңсыздық бойынша жергілікті полиция қызметі қажетті материалдарды жинақтап, әкімшілік шара тағайындау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдайтын болады.

Жалпы осы уақытқа дейін Тараз қаласы бойынша 10 миллионға жуық айыппұл өндірілді. Дегенмен, қанша тосқауыл қойғанымызбен заңбұзушылықтар тоқтар емес. Басты мәселе той иелерінде тұрған жоқ. Егер мейрамхана басшылары – сіздер, тапсырыс алмай, белгілі бір уақытқа дейін жұмыстарыңызды тоқтата тұрсаңыздар, мына әлемді әбігерге салып отырған дерттің екінші толқыны болмас та еді, – деп түйіндеді Алмас Қадірбекұлы.

Мұнан соң сөз алған Тараз қаласының жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков, мейрамхана қожайындарына карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.

Десе де, наурыз айынан бері жұмысы тұралаған мейрамхана иелерінің де айтар уәждары жоқ емес.

– Жалпы қала бойынша 14 наурыз бен 17 қыркүйек аралығында той жасайтын ешбір мейрамхана жұмыс жасаған жоқ. Тек 17 қыркүйекте карантиннің жеңілдетілуіне байланысты рұқсат алып, ақырындап той-томалақты ұйымдастырып жатырмыз. Бізге мүмкіндік берулеріңізді сұраймыз. Мейрамханамызда 50-ге жуық қыз-келіншек жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Біз сол 50 адамның айлығын әрең тауып беріп отырмыз. Оның үстіне несиеміз де бір жағынан қыспаққа алуда. Банктен алған қарыздың уақыты шегерілсе, мына қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, тым болмаса жұмысшыларымыз бала-шағаларына қыстық киімдерін әперіп үлгерсе деген ұсынысымыз бар, – дейді «Гаухартас» мейрамханасының басшысы Меруерт Лештаева.

Сол секілді басқа мейрамхана өкілдері де өз ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша, тек мейрамханалар мен тойханалар ғана індеттің ошағы емес, сенбі мен жексенбіні есептемегенде базар мен кішігірім дәмханаларда да санитралық режимнің сақталмай жатқанын, адамдардың бір-бірімен басқа да көпшілік орындарда беталды араласып жатқанын тілге тиек етті.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, жиынға қатысушыларды сабырға шақырып, бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Айжан Өзбекова