Теміржол вокзалында темірдей тәртіп болуы керек

76

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы темір жол вокзалына барып, онда алдағы уақытта жүргізілетін жөндеу жұмыстарының жай-күйін талқылады.
Аймақ басшысы алдымен вокзалдың алдындағы жолдардың асфальттануына назар аударып, жауаптыларға сапалы болуы керектігін жеткізді. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы вокзал маңындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін және авто тұрақтарды ретке келтіру керектігін де ескертті. Бұл жөнінде жауапты орынбасары Ұлан Жазылбекке арнайы тапсырма беріп, назарда ұстау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар перронға кіретін сыртқы есіктердің барлығын жабу қажеттігіне де тоқталды. Мұнан соң облысқа арнайы келген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Басқарма Төрағасының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов вокзал ғимаратына жүргізілетін күрделі жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, вокзал ғимаратының сыртқы бейнесі өзгеріп, жаңаша кейіпке енбек. Бұдан өзге нысанның ішінде де бірқатар өзгерістер орын алып, ғимарат қазіргісінен кеңейе түспек. Осындай жұмыс жоспарымен танысқан облыс әкімі перрондағы дүңгіршектерді ретке келтіру керектігін тапсырып, нысан сыртын қазақы ою-өрнектермен әрлеу туралы ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, вокзал ғимараты сыртындағы жарнамалар қатаң сынға алынып, оларды алып тастау жөнінде қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытайға арнайы тапсырмасын берді.
Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күту залында болып, жөндеу жұмыстарының барысында ол жерді де кеңейту керек екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар вокзал ғимаратының екінші қабатындағы қонақ үй мен асхананың жұмысын жүйеге келтіруді де атап өтті.
Мұнан соң Бердібек Машбекұлы вокзал ғимаратына жауапты мамандармен арнайы жиын өткізіп, құрылысты ертерек бастап сапалы аяқталуы қажет екенін сөз етті. Және жауапты сала мамандарына құрылыстың сапасына баса мән беруді тапсырды. Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Басқарма Төрағасының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов құрылысқа жауапты мердігерді анықтау барысында комиссия құрамына облыстық әкімдіктен және «Nur Otan» партиясынан азаматтарды қосу туралы ұсынысын жеткізді. Жиында сондай-ақ Шу қаласындағы вокзал ғимаратының құрылысы да сөз болды.

Шынболат Сейдуалиев