ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ: 954 АДАМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

0 60

Қазіргі таңда, өмірдегі ең өзекті мәселелердің бірі отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық болып тұрғаны анық. Жасыратыны жоқ, зорлық-зомбылыққа біріншіден әйелдер, балалар, қарттар, мүгедектер, қамқоршысы жоқ азаматтар көбірек ұшырайды. Көпшілік жағдайда зорлық-зомбылыққа отбасында неғұрлым әлсіз болып табылатын әйелдер душар болатындығы айқын. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері: тұрмыстық ұрыс-керіс, қолайсыз материалдық жағдай, қызғаныш, отбасындағы психологиялық климат. Негізгі зорлық-зомбылыққа алып келетін жағдай ішімдік ішуден болады және даулардың денсаулыққа жиі зиян келтірумен аяқталатынын көрсетеді.

Жамбыл облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше 2022 жылдың шілде айының қортындысы бойынша  облыс аумағында әйелдерге қатысты 954 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 9,3%-ға төмендегені байқалады. Олардың ішінде тұрмыс саласында орын алған 10 дерек анықталды.  Ағымдағы жылдың 6 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 605 құқық бұзушылықтар орын алған. Барлығына заңнамаға сай әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданған.

 

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында, биылғы қаңтар-маусым айларында облыс аумағында «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар және «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты акциялар ұйымдастырылған. Іс-шаралардын негізгі мақсаты әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу болып табылады. Мұндай шаралар білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ ҚҒУ «Қоғамдық келісім» ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып,  жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, қазір өңірімізде «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылып, тиімді жұмыс жүргізіп келеді.

Бұл орталық өмірдің қиын және дағдарыс жағдайларына түскендерге уақытша паналауға жағдай жасау үшін 27 жатын орынға дейін әйел азаматтарды қабылдай алады.

Оған қоса, тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді. Штат құрамы – 59 қызметкер, оның ішінде психолог, социолог және заңгер мамандары бар.

Жалпы облыс аумағында 3 дағдарыс орталығы қызмет атқарады, оның ішінде 2-і мемлекеттік, 1-і жеке мекеме болып табылады.

Бүгінге дейін дағдарыс орталығының сенім телефонына келіп түскен қоңыраулар саны-643 болса, оған жүгінген әйелдер саны-179-ды құрап отыр. Дағдарыс орталығына жатқызылған әйелдер саны — 46, оның ішінде 110-ы жасы кәмелетке толмаған бала.

Сонымен қатар, Тараз қаласының аумағында 2014 жылдан бастап «Аналар үйі» баспанасы жұмыс істеуде. Ресурстық орталықта бала тууға шешім қабылдаған, бірақ қаржылық себептермен баланы перзентханада қалдыруға ниет білдірген, емшектегі балалары бар жас әйелдердің тұруы қарастырылған. Ағымдағы жылдың маусым айында баспанаға 9 әйел жіберіліпті.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы тұрғындарға егер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, бұл туралы үндемеу керек екенін атап өтті. Жәбірленушілер немесе куәлар болған жағдайда ішкі істер органдарына өтініш беруі керек. Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына жіберу құқығы берілген. Мамандандырылған дағдарыс орталығына орналастыру үшін ішкі істер органдарына хабарласуы тиісті.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.