Тараз қаласында облыстық сотының жаңа ғимараты ашылды

0 4

Жамбыл облыстық сотының  жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық сот төрағасы Ербол Ахметжанов, құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардаргерлері қатысты.

Өз сөзінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сот төрелігін жүзеге асыруға арналған жаңа нысанның ашылуын өңірдегі маңызды оқиға ретінде бағалады.

— Әрбір Тәуелсіз мемлекеттің заңдылығының  мықты болуы үшін тәуелсіз, заман талабына сай сот жүйесі болуы тиіс. Билік сот саласына жағдай жасауға көңіл бөлу керек. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұл салаға ерекше назар аударған болатын. Өйткені, сот жүйесі – биліктің бір тармағы болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да халықаралық талаптарға сай болуы үшін ауқымды қолдау білдіруде.

Сот қызметкерлері жайлы, заманауи ғимаратта, жаңа техникаларды пайдалана отырып, жұмыс істеуі маңызды. Өздеріңіз көріп отырғандай, облыс орталығының басты көшелерінің бірінен орын тепкен, зәулім ғимарат біз айтқан барлық талаптарға сай жабдықталған. Бұл мемлекетіміздің сот жүйесін дамыту мәселелеріне айрықша назар аударатынын білдіреді десек,  сондай-ақ, заң үстемдігін нығайтуға, соның нәтижесінде қоғамдық келісім мен экономиканың дамуына қосылған қомақты үлес деп түсінуге болады,- деген облыс әкімі жергілікті билік пен соттың тығыз қарым-қатынаста болуының, жер, әлеуметтік, еңбек дауларының заң аясында шешілуінің маңыздылығын баса айтып өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы бір жылдан аса уақытта осындай зәулім ғимаратты салып берген құрылысшылардың да еңбегін айрықша тілге тиек етті.

Жаңа нысан 4 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы аумағы шамамен 8 мың шаршы метр. Онда фронт-офис, күту залы, 6 сот мәжіліс залы, медиатор, прокурор мен адвокаттарға арналған кабинеттер қарастырылған. Ғимарат алдында автокөлік тұрағы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар орнатылған, яғни, сот қызметкерлері мен сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдайлар жасалған.

— Сот жүйесі заман талабына сай жетілдіріліп отыруы тиіс. Қазіргі таңда елімізде сот саласына айрықша көңіл бөлініп, тиісті жағдайлар жасалып, оң өзгерістер орын алуда. Әсіресе, ақпараттық технологияның дамуы сіздерге де үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Халық үйден шықпай-ақ, арызын беріп, сот үдерісін бақылай алады. Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес жергілікті  билік қашанда бұл тұрғыда барынша жағдай жасауға мүдделі.

Облыстық соттың тағылымды тарихы, өз орны қалыптасқан. Сала ардагерлерінің  табысты еңбегін сабақтастыра отырып, бүгінгі қызметкерлер де адалдық, туралық, заңдылық қағидаттарын басшылыққа алып отыруы тиіс. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімінің арта түсуі үшін аса маңызды,- деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, сот жүйесінің ардагері, доғарыстағы (отставкадағы) судья Асылхан Дармұрзаев жаңа ғимараттың халық игілігі және заң үстемдігі үшін еңбек етуге жаңа серпін беретінін жеткізді.

Қонақтар жаңа сот ғимаратын аралап, сот ұжымының жұмысымен танысты.

Шара соңында аймақ басшысы облыстық соттың судьялары Гүлнар Сыздықова мен Оспан Мамытбековке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.