Жамбыл облысы мүгедектерді оңалту бағдарламасының орындалуы бойынша бірінші орында тұр

0 4

Мүгедектерді оңалту бағдарламасын орындау көрсеткіштері бойынша Жамбыл облысы республикада бірінші орында тұр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Өңірде жалпы мүгедектігі бар 45541 адам тұрады, оның 6645-і кәмелет жасқа толмағандар. Мүгедектерді  әлеуметтік қолдау негізінен зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңіл­діктер ұсыну және әлеуметтік қызмет көрсету секілді үш бағытта жүзеге асады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков ағымдағы жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалтуға республикалық және облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл қаржыға 10081 мүгедектігі бар адам үшін сурдо, тифло, кресло-арбалар, протез-ортопедиялық және компенсаторлық құралдар сатып алу, санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастыру жоспарлануда.

Есепті мерзімге мүмкіндігі шектеулі 9,1 мың адам 17,5 мың техникалық оңалту құралдарымен және сол санаттағы 6,4 мың адам оңалту қызметтерімен қамтылып, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 966,7 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 78,1 пайызды құрап отыр (жылдық жоспар – 80 пайыз). Бұл бойынша республикалық маңызы бар қалалалар мен өңірлер арасында Жамбыл облысы бірінші орында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.