Жамбыл облысында 91 нысанға аудиттік тексеру жүргізілген

26

2020 жылы Жамбыл облысында 91 нысанға аудиттік тексеру жүргізілген. Оның ішінде: 74 нысаннан 53 млрд. 729 млн. 800 мың теңгені құрайтын заңбұзушылық анықталып отыр. Осы және өзге де мәселелер туралы бүгін ӨКҚ-ң ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Дүйсенбаев кеңінен айтып берді.
Жалпы уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептері мен өзге де бюджеттік бағдарламалар бойынша жыл сайын аудит жүргізеді. Әрі республикалық және жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын жіті тексереді. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік және қаржылық есеп бойынша заңнамалардың бұзылуын қадағалайды. Спикердің сөзінше, жоғарыда аталған 74 нысаннан жалпы сомасы 54 млрд. теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықтаған. Оның ішінде: 8 млрд. теңгеге жуығы қаржылық заңбұзушылық болса, 45 млрд. теңгеден астамы құжат рәсімдеу бағытындағы бұзушылықтар екен.
Сонымен қатар, «Аудиттік тексерулер жүргізу бойынша 37 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Олар облыстағы түрлі мекеме және кәсіпорын басшылары саналады. 42 әкімшілік материал бойынша 17,8 млн. теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. Ал аудит материалдарының жалпы сомасы 1 жарым млр. теңгені құрайтын заңбұзушылық бойынша 20 материал құқық қорғау органдарына берілді»,- деді А. Дүйсенбаев.
Айта кетейік, департамент мамандары ҚР Камералдық бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес, мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылау жүргізген. Бүгінгі күнге өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша департаментке заңды және жеке тұлғалардан 749 арыз-шағым түсіпті. Оның 173 арыз қанағаттандырылса, 289 арыз ішінара қанағаттандырылған. Келіп түскен арыз-шағымдардың негізінде, заң талаптарын бұзып, мемлекеттік сатып алудың заңсыз жеңімпазын анықтау деректері бойынша 917 хабарлама жіберілген.

 

Кәмшат ҚАДЫР