Жамбыл облысында бір күнде 150-ге жуық өтініш түсіп, 3 қана автокөлік заңдастырылды

0 17

23 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік көлік құралдарын заңдастыру басталды. Алғашқы күні облыс тұрғындары шетелдік номерлерін тіркеуге 150-ге жуық өтініш берген. Оның ішінде 3 автокөлік барлық қажетті тексерулерден толығымен өтіп, тіркеу құжатын және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілерін алды. Алғашқылардың бірі болып көптен күткен қуанышына жеткен Ғалымжан Қуанышбек бір реттік заңдастыруға мүмкіндік берген басшыларға өз алғысын білдірді

«Көлігімді бірнеше күн бұрын кедендік БАЖ-дан өткізген болатынмын. Міне бүгін таң азаңмен халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, бір реттік заңдастыру жеңілдігімен Грузия мемлекетінен алып келген көлігімді заңды түрде мемлекеттік номерге ауыстырып алдым. Өте қуаныштымын! Осындай мүмкіндік берген Мемлекет басшысына алғысым шексіз!»

 

Айта кететін жайт, Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын және орта автобустар, шағын жүк көліктері, басқаруды оң жақта орналасқан көлік құралдарын заңдастыра алады. Сондай-ақ, заңдастырылатын көлік құралы іздеуде болмауы керек, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы және қажет болған жағдайда кедендік тазартудан өтуі тиіс. Жария етуге өтінімді е-gov.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы және халыққа қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.

 

Автокөлікті заңдастыру үшін өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжатты тапсырады.

 

Нәтиже арнайы базада тіркеледі және 1414 нөмірінен көлік иесінің телефонына SMS-хабарлама жолданады. Егер автокөлік жария етілуге жататын болса, онда мемлекеттік алымдарды төлеу қажет. Бастапқы тіркеу үшін иесіне 200 000 теңге; техпаспорт үшін мемлекеттік баж – 4 313 теңге; мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге төлем жасалады. Барлық құжаттар тексеріліп, төленгеннен кейін көлік иесіне тіркеу құжаты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Айта кетейік заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

 

 Нұрдәулет АСАН «jambylinfo»

                                                                                                      ақпарат агенттігінің контент-редакторы  

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.