Жамбыл облысында өткен аптада COVID-19 инфекциясынан қайтыс болғандар тіркелген жоқ

0 4

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары, сондай-ақ өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Облыс әкімдігі басқармаларының, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінің деректері бойынша 11 айда өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 104%, ауыл шаруашылығы – 100,5%, инвестициялар– 105%, құрылыс жұмыстары – 107%, пайдалануға берілген тұрғын үй – 115,2%, бөлшек сауда – 103,7% деңгейінде күтілуде. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлады.

Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, бюджет қаражатының 96,4 пайызы игерілген.

Аймақ басшысы 11 айдың қорытындысы бойынша артта қалған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қатаң талап қойды.

— Жыл аяқталуға жақын қалды. Бір күн де қарап отыруға болмайды. Жамбыл облысының көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен төмен болмауы тиіс. Бұл біздің басты міндетіміз. Барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды барынша пайдалану керек. Бөлінген қаржы толығымен игерілуі қажет. Ешқандай сылтау қабылданбайды, – деді облыс әкімі.

Екінші мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасады.

27 қарашадағы жағдай бойынша облыста COVID-19 инфекциясын жұқтырған жалпы 21 285 науқас тіркелген. 18 жастан асқан 631 мың 300 адам вакцинациялауға жатады десек, осы орайдағы жоспар 94,6 пайызға орындалған.

«Соңғы аптада COVID-19 ауруы салдарынан болатын бірде-бір өлім жағдайы тіркелген жоқ», — деді Ә. Қалиев.

Аймақ басшысы вакцинациялауды жалғастыруды, білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.