Жамбыл облысында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстар үздіксіз жүруде

0 5

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Комиссия құрамына тарихшылар, мұрағатшылар, мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді.

Комиссияның 3 отырысы өтіп, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанынан 5 жұмыс тобы құрылған.

Жамбыл облысының прокуратурасындағы №405 қорындағы құжаттарында Жамбыл облысы прокурорының Бас прокуратураға 1989 жылы 3000 азаматты ақтау жөніндегі ұсынысы сақталған. Қазіргі уақытта арнайы кестеге 1800 адам туралы мәліметтер енгізілген.

Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері ақпараттандыру және байланыс басқармасының Арнайы мемлекеттік мұрағатында сақталған қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға қатысты қылмыстық істердің материалдарын зерттеді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архивінде сақтаулы ақталмаған, түрлі статьялармен сотталған азаматтардың жеке, бақылау, айыптау істерінен тұратын құжаттарына зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, жұмысшы топтар дала экспедициясы жұмыстарын жүргізу барысында саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерлерін анықтау мақсатында өңірдегі діни орындар, мешіттер, шіркеулер, қорымдар, ескі зираттардың тарихын зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олар облыстың барлық аудандарына іс-сапармен барып, жергілікті тұрғындар, шырақшылар, өлкетанушылармен сұхбаттасып, нәтижесінде бірнеше жерлеу орындарын анықтап, арнайы карталарын әзірлеуде.

– Облыстық комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Жұмыс топтарының мүшелері жобалық кеңсе ұйымдастырған тәжірибе алмасу бойынша 11 семинарға қатысып, баяндамалар жасады, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев.

Облыс әкімі саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық ақпараттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.

— Ел Президенті қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде міндет қойды. Бұл біздің қасиетті міндетіміз. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарының жарқын болашағы үшін әділдік салтанат құруы тиіс. Жұмыс топтары ұйымдастыру, ақпараттық және талдау жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың барлық өтініштерін зерделеуі тиіс. Сондай — ақ, шетелдік архивтермен де ынтымақтастық орнату маңызды, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.