Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеді

0

Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы іс-шаралардың қорытындылары бойынша Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеген. Бұл туралы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті жиында айтылды. Басқосуда есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, 2018-2020 жылдары өткен сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың нәтижелері баяндалды.

Белгілі болғандай,  өңірде жалпы қылмыс саны 7,8 пайызға төмендегенімен, кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім тіркелген. Айталық, есірткі қылмысы 64 пайызға, алаяқтық – 82 пайызға, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар көрсеткіші 39 пайызға артқан.

Б. Сапарбаев бұл ретте жастардың қатысуымен орын алатын оқиғалардың қайталанып отырғандығы алаңдатандығын баса айтып, мектептер мен ата-аналар арасындағы бірлескен жұмыстың әлсіздігін сынға алды.

Ал, Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтың айтуынша, қылмыстың ашылу деңгейі  едәуір жоғарылаған.

Сондай-ақ, жауаптылар Жамбылда сыбайлас жемқорлық деректерінің де біршама азайғанын тілге тиек етті. Бірінші тоқсанда 24 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға аз. Шығын 65,1 миллион теңгені құрап, оның 58,7 миллион теңгесі өндірілген.

Б. Машбекұлы қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа бірден бес қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысын жеке назарға алуды тапсырды. Бұл Т.Рысқұлов және Талас аудандарының әкімдері Ерболат Садырқұлов пен Бақыт Қазанбасовқа да қатысты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа шаруалардың мемлекеттік субсидияларды жыл сайын бір шаруа қожалықтар алады деген шағымдарын жіті қарау жүктелді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке емханалар мен ауруханалардағы жағдайды түзету, емдеуге жатқызу бюросының жұмысын жақсарту тапсырылды. Transparency International халықаралық ұйымының қорытындысына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғарылағаны байқалған.

— Адамдар өздерін қауіпсіз сезінулері керек. Билік органдарының басты міндеттерінің бірі – қылмыс деңгейінің өсуіне жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерімен күресу. Азаматтық сектор өкілдерін түрлі комиссиялар мен мобильді топтарға көбірек тарту қажет. Мемлекеттік қызметтегі бос лауазымға таңдалатын үміткерлер қатаң іріктеуден өтуі маңызды. Ең алдымен моральдық-этикалық өлшемдерге сәйкес болуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.