Жамбыл облысында жыл басынан 340 өрт оқиғасы орын алған

0 5

Жамбыл облысы аумағында жыл басынан бері 340 өрт оқиғасы орын алған.

Жамбылда осы жылдың 7 айында 340 өрт дерегі тіркелген. Келеңсіз жағдай салдарынан 14 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алды. Материалдық шығын 17 млн 331 мың теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Жамбыл облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Мақсат Әкімбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірдегі өрт жағдайлары 2020 жылмен салыстырғанда 5 пайызға, ал өрттерде адамдардың қаза болуы 3,5 есеге ұлғайған. «Өрттердің басым көпшілігі тұрғын үй секторында, автокөлік құралдарында және ашық аумақтарда болады. Өрттің 61 пайызы немесе 210 жағдайы тұрғын үй секторына, 20 пайызы немесе 69 өрт дерегі көлік құралдарына тиесілі», — деді М.Әкімбаев.

Аталған басқарма басшысының айтуынша, облыста тұрмыстық өрттердің және улы газбен улану жағдайларының алдын алу мәселесі бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Ол тұрақты түрде облыстық төтенше жағдайларды алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында қаралып келеді.

«Аз қамтылған отбасыларына электр жүйелері мен жылыту пештерін жөндеу, тұрғын үйлерде улы газды анықтайтын автономды датчиктерін орнату шараларына ерекше назар аударылып, тұрақты бақылауға алынды», — деді спикер.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.