Жамбыл облысындағы пилоттық жобаны басқа өңірлерге де қолдану қажет – Премьер-Министр

0 10

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру туралы пилоттық жобада 11 ауылдағы кәсіпкерлер саны 3 есе көбейді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты.

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысы қалай көбейді Жамбылдық бағбан өз бақшасында алманың 36, жүзімнің 30 түрін өсіреді Бердібек Сапарбаев – Науқастардың 99 пайызы екпе алмағандар Жамбылда биыл 12 мыңға жуық дәрігердің жалақысы 20-30 пайызға өсті Жалпы осы бағдарламаға 8 мыңнан астам жеке және қосалқы шаруашылықтар қатысқан.

«Халықтың жұмыспен қамтылуы өсті және осы жобаға қатысатын адамдардың орташа табысы 2 есеге артты. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды. Облыстың ауыл тұрғындарының табысын арттыру тәжірибесі өз тиімділігін көрсетті және Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Бұл жобаны елдің басқа өңірлерінде де қолдану қажет», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жобаны басқа облыстарда іске асыру үй іргесіндегі жерлерді пайдалану тиімділігін, үйдегі мал шаруашылығының өнімділігін арттырады, үлестік жер телімдерін оңтайлы пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау және ауылдағы бизнес жобаларды қаржыландыру қамтамасыз етіледі.

«Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігіне Еңбек, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде жобаны басқа өңірлерде де кеңінен қолдану жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырамын», — деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Елбасының тапсырмасымен 2019 жылы Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін пилоттық жоба басталған еді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы 5 бағытта жүзеге асты: бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді пайдалану, екінші – мал басын көбейту, үшінші – ауыл сыртындағы жерлерді пайдалану, төртінші – техника беру, бесінші – кәсіп ашуға қолдау көрсету. Соның нәтижесінде 11 ауылдың өзінде 45 мыңнан астам мал сатып алынды, 10 мың гектардан астам жер біріктіріліп, кооператив құрылды, 190 техника алынып, өңдеу, жылыжайлар секілді 11 кәсіп ашылды. Осы жоба нәтижесінде 2 282 кәсіпкер ресми тіркелді, 589 жаңа жұмыс орны ашылды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.