Жамбылда 252 мың гектардан астам жайылым пайдаланылмағандығы анықталды

0 8

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 82 мың га ауылшаруашылық жерлері мемлекетке қайтарылады.

Президент игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беруді тапсырды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет қорына қайтару бойынша жұмысшы топтары құрылды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте арнайы топ жұмысының аралық қорытындылары сараланды. Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдалану тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін, әрбір ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің картасы әзірленгенін, жер заңнамасының нормалары бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындалғанын жеткізді.

«Облыс бойынша жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 8,1 миллион гектар. Бұл өңірде тіркелген 860,2 мың бас шартты мал басына шаққанда 9 гектардан келеді. Егер қолда бар жайылым қорын тиімді пайдалана білсек, онда жайылым тапшылығын шешуге толық негіз бар», — деді Б.Көпбосынов.

Оның айтуынша, жайылым тапшылығынан көптеген ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтарында малды ұстауға қатысты ветеринария талаптары сақталмай отыр. «Осы мәселені шешу үшін аудан әкімдеріне бес негізгі бағыт бойынша шара қабылдау тапсырылды», — деді Б.Көпбосынов. Сондай-ақ, жер пайдаланушылармен меморандумға қол қойылып, олар иелігіндегі жерлерге мал жаюға кедергі келтірмеуге міндеттелды.

Бүгінге дейін, 486,5 мың гектардан астам ауыл шаруашылық алқаптарын пайдалануға келісім жасалып үлгерді, жұмыс жалғасады. Қазіргі таңда 100 ауылдың жер пайдаланушыларымен осындай меморандумға қол қойылған. «Мұндай меморандум алғаш болып біздің облыста қолға алынып отыр. Бұл өзге де өңірлерге үлгі ретінде таралатынына сенімдімін», — деді басқарма басшысы. Бұдан соң, жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Тамабек Әбілхайыр баяндама жасады. Ол зерделеу жұмыстарының қорытындысымен облыс аумағында 252 277 гектар жайылым жер пайдалынусыз жатқаны анықталғанын хабарлады. Әсіресе, бұл орайда Мойынқұм, Сарысу, Қордай аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Зерделеу барысында түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 269 891 гектар жайылымға мал басы тіркелген. Аумағы 6 124 гектар болатын 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 630 гектар жайылымды пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. А. Тамабек облыс әкімінің тапсырмасына орай жыл соңына дейін пайдаланусыз жатқан 82 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жоспар бекітіліп, жұмыс жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Жартыжылдық қорытындысы бойынша жоспар 68 пайызға орындалған. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық округ әкімдері ауылшаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы тұрақты түрде есеп беріп отырады. Сондай-ақ, аудан әкімдері жауапты басқармалармен бірге ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын толықтыру бойынша жұмыс жүргізеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.