Жамбылда биыл 19 денсаулық сақтау нысаны салынады

0 12

Ағымдағы жыл басынан бері Жамбыл облысында 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға артты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде баяндама жасаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтты.

Облыс әкімі өз сөзінде саладағы атқарылып жатқан жұмыстар, оң көрсеткіштер мен түйткілді мәселелерге жан-жақты тоқталды.

 Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

2022 жылдың 1-қаңтарынан облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкерлерінің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 8 648 орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 16%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы талай жылдан бері көтерілмеген тазалықшы, жүргізуші және өзге де қызметкерлердің еңбекақысы 19 пайызға көтерілді,-деген аймақ басшысы жергілікті атқарушы органның негізгі міндеті ретінде денсаулық сақтау нысандарының техникалық базасын нығайту, дәрі-дәрмекпен қамту екендігін атап өтті.

Биыл облыстағы бес ауданға компьютерлік томограф алып берілмек. Сол арқылы барлық аудан КТ аппаратымен толығымен қамтылатын болады.

— Ағымдағы жылы денсаулық сақтау бойынша 19 нысан пайдалануға беріледі. Осылайша халық саны 50-ден асатын елді мекендердің барлығында медициналық мекемелер жұмыс істейтін болады. Облыста С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылып, Тараздағы медколедж сенімгерлік басқаруға берілді. Нәтижесінде, саладағы маман тапшылығы 270-тен 169-ға дейін азайды.

Меркі, Жамбыл аудандарында және облыс орталығындағы №5 қалалық емхана базасында үздік практика орталықтарының ашылуы да ерекше оқиға болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығы сарапшыларының белсенді қатысуымен ағымдағы жылдың соңына қарай осындай үздік практика орталықтары Талас, Қордай,  Т.Рысқұлов аудандарында және Шу қалалық емханасында ашылатын болады,-деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін, пандемиямен күрес, вакцинациялау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған иммунобиологиялық препараттарды өндіретін «OtarBioPharm» ЖШС биофармацевтикалық зауыты, ондағы ғалымдар мен қызметкерлерге арналып жалпы 180 пәтерлі 3 үй және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтергенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.