Биыл барлық әлеуметтік көмектер мен техникалық оңалту құралдары портал арқылы беріледі

63

Биыл барлық әлеуметтік көмектер мен техникалық оңалту құралдары портал арқылы беріледі,деп хабарлайды http://jambylinfo.kz
Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында брифинг өткізіп, биыл барлық әлеуметтік көмектер мен техникалық оңалту құралдары портал арқылы берілетінін айтты.
Пандемия кезінде жұмыспен қамту мәселесі күрделене түскені анық. Көптеген мекемелер жұмысшыларын қысқартты. Бұл мәселені шешу бағытында 3208 кәсіпорынмен меморандум жасалды. Сонымен қатар, биыл облыста 17954 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 13500-і тұрақты жұмыс орны. Өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 11,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жобалардың басым бөлігі құрылыс саласына бағытталады. Жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі осы бағдарлама арқылы шешу көзделуде.
Сондай-ақ, «2021 жылдың басынан барлық әлеуметтік көмектер мен техникалық оңалту құралдары портал арқылы қамтамасыз етіледі. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 95 мың 430 адам қамтылады деп күтілуде. Оларға барлығы 9952,4 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 26 мың 720 бала кепілденген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетін болады. Бұған жалпы 3087,7 миллион теңге қарастырылды», деді басқарма басшысы. Жалпы, бүгінде облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушы 9541 отбасы бар. Олардың барлығы электрондық цифрлық қолтаңбаны алған. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында шиеленістің алдын алу үшін әлеуметтік қызмет порталына тапсырыс беру жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Сонымен қатар, Жорабек Баубеков былтыр өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдайлар жасалғанын атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, оларды оңалту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 805,8 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 10 мың 367 мүгедек қажетті құралдармен қамтамасыз етіліпті. Басқарма басшысының айтуынша, басқарма өткен жылы жұмыс бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 87 пайызды құрап, республика бойынша үшінші орынға ие болған. Басқарма бұл жетістікке биыл да қол жеткізу үшін жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, бүгінде облыс бойынша 45 мың 787 мүгедек бар екен.

Нұрдаулет АСАН