Жамбылда халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар

39

Бүгін «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев пен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында «Қыс мерзіміндегі ахуал және «Крещение Господне» мерекесінде дәстүрлі шомылу кезінде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында баяндама жасады.
Жалпы облыс бойынша бірнеше елді мекенге қауіпті саналатын су қоймаларының саны 14-ті құрайды. Олардың қатарында негізгілері «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл», «Ынталы», «Қарақоңыз» және Қырғызстандағы «Киров» су қоймасы. Аталған су сақтау қоймаларының бөгеттері бұзылған жағдайда халық саны 234 мың астам тұрығыны бар 72 елді мекенді су басуы мүмкін. Ермек Жамбылұлының айтуынша, табиғаттың тосын мінез танытуынан болатын тасқындар мен еріген қар сулары кесірінен тағы 38 елді мекенді су басуы мүмкін. Су басуға себеп ретінде Шу, Талас, және Аса өзендерінің арнасынан асуы яғни су деңгейінің көтерілуі болмақ. Ал, тау бөктеріндегі елді мекендерге еріген қар мен жаңбыр сулары қауіп төндірмек.
– Су тасқыны қауіпін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы бекітілген. Ол бойынша облыстағы елді мекендерді су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланды» — деді, спикер. Бұл бағытта бөлінген қаржысы да қомақты. Мәселен, 7,442 млрд. теңгеге 3 нысан республикалық бюджет есебінен жөнделсе, қалған 30 нысанға 356 млн. теңге жергілікті бюджет қаржысы жұмсалған.
Айта кетейік, аймақта соңғы 5 жылда су тасқыны мен жер асты суының көтерілуіне байланысты 7 оқиға тіркелген. Салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үй ауласы, 25 тұрғын үй ғимараты су астында қалған болатын. Ал биылғы жылдың 12 қаңтар күні Майтөбе ауылында еріген қар суынан тасқын болды. «Тараз-Қаратау» облыстық маңызы бар автожолдың 75 шақырымында болған оқыс оқиға елді-мекенге қорқатындай қауіп төндірген жоқ.
Сонымен бірге, Православие сенушілері 19 қаңтарда «Крещение Господне» мерекесінде – шомылдыру рәсімін атап өтеді. Ермек Жамбылұлының айтуынша, биыл облыс аумағында шомылуға арналған ресми орындар жоқ. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс ТЖ Департаменті Жергілікті полиция қызметі және денсаулық сақтау қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындар әдетте су айдынында шомылу рәсімін өткізетін орындарда кезекшілік ұйымдастырады. Бұл Талас, Аса және Шу өзендері арналарының, «Әулие бұлақ» бұлағының және т.б. учаскелері.
– Дәрігерлер созылмалы аурулары бар адамдарға суық суға шомылуға кеңес бермейді. Әсіресе, осы рәсімдер инфаркт және инсульт болған адамдарға жақпайды. Сондай-ақ, семіздік, зәр шығару және жүйке жүйесі аурулары, қант диабетімен ауыратындарға ұсынылмайды. Ойықта шомылу дені сау және шыныққан адамдарға ғана пайдалы — деп, атап өтті спикер.

 

Айжан Өзбекова