Жамбылда құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты

25

Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Жуалы ауданы, Қаратас ауылында үй құстары арасында құс тұмауын жұқтыру жағдайлары анықталған болатын. Жуалы өңірлік инспекциясы Күреңбел ауылдық округінде карантин жариялады. Қаратас ауылының кіреберісіне шлагбаум және дезинфекциялық кедергі орнатылды.

Карантиндік режим аясында аурудың ошақтарын жою және одан әрі таралуын болдырмау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлық мүдделі қызметтер мен бөлімдердің өзара әрекет ету алгоритмі ұйымдастырылды.

Соңғы мәліметтер бойынша 410 құс аурудан өлген. Құстардың өлекселері арнайы бетон шұңқырда өртелді. Аталған орынды дезинфекциялау қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізілді. Ошақтың айналасындағы 2400 шаршы метр аумақтағы аулалар екі рет дезинфекциялаудан өтті. Жабайы құстардың ұшу бағыты бойынша орналасқан жеке шаруашылықтарда үй құстарын вакцинациялау жүзеге асырылуда. Құстардың иесіне өтемақы төлеу үшін комиссия құрылған. Өтемақы республикалық бюджеттен төленеді.

Облыс бойынша Республикалық қордан 160 мың доза вакцина бөлініп, Жуалы ауданына 64,6 доза вакцина берілді. Сонымен қатар, су қоймасы және құс фабрикалары орналасқан Мойынқұм, Байзақ, Жамбыл, және Қордай аудандарына құс тұмауына қарсы егілетін вакциналары таратылып берілді. Қазіргі уақытта құстарға вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Облыста жеке қосалқы шаруашылықтарда барлығы 1 030 560 құс бар. Құс тұмауына қарсы вакцинация үшін республикалық резервтен қосымша 970 560 доза сұралды. Мониторинг қорытындылары бойынша құстардың өліміне қатысты басқа фактілер тіркелген жоқ.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында құс тұмауының эпизоотиялық жағдайы тұрақты. Жағдай облыс әкімдігі басшылығының күнделікті бақылауында.