Жамбылда жыл басынан бері 30-дан астам адамды кене шаққан

0

Жамбыл облысында жыл басынан бері кененің шағуынан зардап шеккен 34 адам медициналық көмекке жүгінген.

Күннің ысуымен бірге конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының туындауына себеп болатын кенелер ұйқыдан оянып, ашық аспан астында, табиғат аясында жүрген адамдарға шабуыл жасай бастайды. Конго-қырым геморрагиялық қызбасы – жедел вирустық табиғи ошақтық ауру, ол иксод кенелері арқылы беріледі. Жалпы, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 48 елді мекен қырым қанды безгегінің табиғи ошағы болып есептеледі. Жыл басынан бері улы жәндіктің шағуынан зардап шеккен 34 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 15-і — балалар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе аз. Нақтырақ, айтсақ, Тараз қаласының аумағында – 11, Байзақ ауданында – 10, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында екі жағдайдан, Мойынқұм және Сарысу аудандарында бір жағдайдан анықталған. «Кене шағудан зардап шеккендердің барлығы 14 күнге медициналық бақылауға алынды, мерзімі өткеннен кейін 17 адам бақылаудан алынды. Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын растайтын жағдайлар тіркелген жоқ. Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, дертті дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу – тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары ғана емес, оған ошақ аймақтарында тұратын елді мекендердің тұрғындары да ат салысуға тиіс» делінген денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.