Жамбылдың үздік полицейін қабылдады

48

Сарысу ауданының полиция бөлімі учаскелік инспекторлар арасында үздік атанып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан марапат алып келген әріптестерін қарсы алды.

Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Руслан Мұсаев министрдің алғыс хатымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, бекітілген әкімшілік учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес бойынша жұмыстағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ халықтан келіп түскен оң пікірлер үшін марапатталды.

Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ІІМ алқасының кеңейтілген отырысы аясында өткен болатын. Онда Мемлекет басшысы «Адамдармен ашық диалог жүргізу қажет. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек қажет болған кезде әрқашан қасынан табылуы керек» — деді.

Облысымыздың ең үздік учаскелік инспекторы атанып, Қазақстандағы үздік 17 учаскелік полицейдің қатарына кірген қызметкерін марапатымен Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов салтанатты түрде құттықтады. Оған осындай жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, әріптестеріне үлгі болуға, ең бастысы, халықтың көңілінен шығуға тілек білдірді. А.Алметов: «Бір айта кетерлегі, біздің Руслан жұмыстағы кәсібилігі бір бөлек, жан-жақты білімді, өнерлі полицей. Ұлы Абай атамыздың 45 қара сөзін жатқа айтып, өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқиды. Физикалық тұрғыдан да өте мықты, спортпен қатар, қарумен ату жаттығуларына келгенде алдына жан салмайды. Отбасында да үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке» — дейді.

Олай болса, түн қатып, түс қашып халқына адал қызмет жасап жүрген еңбектері еленіп, Елбасының алдына облысымыздың атын абыроймен арқалап барған тәртіп сақшыларын біз де құттықтаймыз! Бұл жетістік бір күндік жұмыстың емес, төгілген маңдай термен келген толассыз еңбектің нәтижесі екені баршамызға белгілі…