Жеңіске құштар жастар құрамасы

57

17 мен 24 қаңтар аралығында оңтүстік астанамыз Алматы қаласында бокстан 2003-2004 жылы туған жастар арасында жалауын желбіреткен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған бәсекеде еліміздің 14 облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 11 салмақ дәрежесі бойынша 221 былғары қолғап шебері кім мықтыны анықтады. Чемпионатқа Жамбыл обылысынан 14 боксшы қатысып, 2 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді. Боксшылардың осы жеңісіне байланысты құраманың жаттықтырушысы Мақсат Оспанов Қазақстан Республикасының чемпионаты жайында әңгімелеп берді. — Турнирдің өту деңгейі қалай болды? – Биылғы турнир ерекше өтті. Өйткені елдегі төтенше жағдайларға байланысты көрермендерсіз, санитарлық талаптарға сай тәртіппен өтті. Бұл әрине жарысқа қатысып жатқан жастарға оңайға соқпағаны анық. Алайда, карантин спортшылардың сағын сындыра алмады. Бірнеше ай жаттыққан спортшылырымыз намысты қолдан бермей, аяғына дейін бокс алағында жүрді. Нәтижесінде он төрт спортшымыздың сегізі жүлдемен оралды. Атап айтсақ, Сүйінбай Елнұр мен Бабаханов Сұлтан есімді батырларымыз 60-75 салмақта бақтарын сынап, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Ал 91 келіде жұдырықтасқан қос батырымыз Мейрам Болашақ пен Анарбаев Әлмерей екінші орын алды. Сондай-ақ, Абдраман Бекзат 46 келі дәрежесінде Піралі Бекзат 56кг, Асылхан Айбол 64 кг Бабаханов Тохтасын 69 келі салмақта төртінші орынға орнықты. Айта кетейік, жастар арасындағы чемпионат 10 салмақ дәрежесінде өтті. Енді сәуір айында әлем чемпионаты Польша елінде болады. Алдағы дүбірлі додаға 3 спортшымызды дайындап отырмыз. Бұйыртса жеңісті күндер де болып қалар. – Құрама жиі өзгеріп тұра ма? – Иә, жиі өзгереді. Команданың резерві тағы бар. Жалпы біздің өңірде бокс жақсы дамып келеді. Облыстық спорт басқармасы жастар боксын дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасап отыр. Спорттың осы түріне өңірде үлкен мән беріледі. Шаһарда, аудандар да тіпті шалғай жатқан кей елді мекендерде де бокс орталықтары, спорт кешендері бар. Олар көбейе береді. Спорт кешендерінің көбейгені жастарға жақсы. Қазір өз басым көшеде бос жүрмей, спорт алаңдарына баратын жастардың талайын көріп жүрмін. Менің ойымша, Данияр Елеусіновтің алтын медалі, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Иван Дычко мен Дариға Шәкімованың жүлделері жастарға жақсы әсер етуде. Бір өкініштісі, біздің елде ауыр салмақтағы жастар аз. Осы жағы проблема болып тұр. Сондықтан ауылдарға барып, ел-елді аралап, ауыр салмақтағы жастарды іздеуіміз керек.

Нұрдаулет АСАН