Жамбылдық ғалымның 80 жас мерейтойы аталып өтілді

109

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  дамуына, ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан ғалым Исан Сәпиұлы 80 жасқа толды. Осыған орай университет қабырғасында «Экология және тіршілік қауіпсіздігі» халықаралық ғылым академиясының академигі И.С. Тілегеновтің мерейлі жасы мен М.Х.Дулати атындағы Дулати хабаршысы «Табиғатты пайдалану және антропосфера мәселелері» Халықаралық ғылыми журналының 20 жылдығына арналған «XXI ғасырдағы экологияның және адам өмірінің қауіпсіздігінің өзекті мәселелері» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Жиын модераторы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор м.а., э.ғ.д., профессор Ержан Әмірбекұлы келген қонақтарға алғыс білдіріп, Исан Сәпиұлының өмір жолы мен еңбегіне тоқталды.

И.С. Тілегеновтің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 150-ден астам ғылыми мақаласы, оның құрамында 3 оқу­лық, 6 оқу-әдістемелік құрал, 8 авторлық куәлік, 3 монография баспадан шықты. Білім беру ісіндегі жоғары дең­гейдегі жетістіктері үшін ғалым екі рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гран­тының иегері атанды. Профессор И.С. Тілегенов ғылы­ми жетекшілігімен бір докторлық диссертация, алты кандидаттық дисссертация, екі магистрлік диссертациялар қорғалды.

Конференцияда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың атынан мерейтой иесін құттықтап, ғалымның ғылымға қосқан қомақты үлесі мен сіңірген еңбегін атап өтіп Құрмет грамотасын табыс етті. Келесі сөз тізгінін алған облыстық маслихат  хатшысы п.ғ.д., профессор  Махметғали Сарыбеков ғалымның ғылымдағы еңбегінен бөлек адами қасиетін, қызметіне деген адалдығын, шәкірттеріне деген пейілін айтып, ұстаздың ұлағатты жолын әңгімесіне арқау етті.  – Осы университетте сегіз жылдан аса қызмет етсем көп қызметкерлер түрлі сұрақпен келетін. Исан Сәпиұлы тек бір мәселені ғана көтеретін. Ол – ғылымды дамыту, өндіріске енгізу, жастарды ғылымға тәрбиелеу сұрақтары болатын. Ғылымды өндіріске енгізуде маңдай терін төккен бірегей ғалым. Былтыр ған Казфосфат  минералды тыңайтқыш зауытымен бірлескен жобамыз жүзеге асқан болатын. Ол жоба биыл да жалғасын табады деп сенемін,- деді Махметғали Нұрғалиұлы. Маслихат хатшысы ғалым даярлаған шәкірттердің еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет атқарып жүргенін айта келе облыстық маслихат атынан білікті маман даярлауға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасын табыстады.

Мерейтой иесін құттықтап, еселі еңбегін айтып, мерейін асқақтатқан жиында республика, алыс-жақын шетел оқу орындарынан, ғылыми орталықтардан, академиялардан толассыз құттықтаулар түсіп жатты. Онлайнда ой қосқандар көп болды.

Тау-кен ғылымдарының ұлттық академиясының президенті, т.ғ.д., профессор Нұрлан Рыспанов өз құттықтау сөзінде ұстаздың еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. Академияның мүшесі ретінде диплом мен төсбелгі табысталды.

ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, т.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Жұмабай Байнатұлы онлайнда ой қозғап, ғалымға тау-кен ғылымының үздігі төсбелгісін табыстады.

Келесі ақ тілек иесі «Экология және тіршілік қауіпсіздігі» Қазақ академиясының қоғамдық бірлестігінің президенті, академик, э.ғ.д., профессор Мағауия Шырдабаев ұстаз еңбегінің елеулі екенін айтып,  Академия орденін табыстау туралы шешім шыққанын жеткізді.

Жиында ғалымға келген құттықтауда шек болмады. Солардың бірі жоғары оқу орындары қауымдастығы Президентінің арнайы құттықтауы мен Ахмет Байтұрсынов атындағы Алтын медальдің табысталуы болды.

«Манас» Қырғыз-түрік университетінің профессоры Зарлық Қапарұлы Zoom платформасында құттықтаушылармен бірге өз ізгі тілегін арнады.

Ғалым Исан Сәпиұлының бауырлары атынан сөз алған Оразалы Шералин  жүрекжарды тілегін білдіріп, ғалымның бала күнгі естеліктерінен сыр шертті. Ағаға деген ақ пейілін айтып, інілік ілтипатын білдірді.

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик  Оразалы Сәбден құттықтау хатын жолдаған екен.

Халықаралық конференцияда Исан Сәпиұлына ақ тілегін айтқысы келетін ғалымдар мен шәкірттері өз жылы сөздерін арнап, онлайннан ой қосты. Құттықтауларын жолдап, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты.

Ақ тілектер ақтарылған жиын соңында ұлағатты ұстаз, ғалым Исан Сәпиұлы сөз алып, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Ғылым докторларының берері көп екенін айтып, жастарды ғылымға бағыттауда атқарылар істің аз еместігін сөзіне арқау етті.

Конференция секциялық жұмыстармен жалғасты.

 

Гүлбақыт Берікқызы,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,
медиа-қызмет тілшісі