Педагогикалық үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Жамбыл облысының үздік ұстаздары Мираш Бегілдаева және Айгүл Қалмаханова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес тағайындалған мемлекеттік награданы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыс етті.
Мемлекеттік марапатқа ие болған Мираш Бегілдаева – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі, бірқатар халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеу сынынан жыл сайын жоғары нәтиже көрсетуде.
Ал Айгүл Қалмаханова — Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпазы, «Әлем педагогы» байқауына іріктелген 10 мұғалімнің қатарына енген.