Жамбылдықтар Наурызды қалай қарсы алды?

0

Жамбылдықтар Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Қазақ үйлер адамдардың жаппай жиналуын болдырмау мақсатында Тараз қаласының түрлі аудандарында аз мөлшерде орналасты. Соған қарамастан думанды шаралар тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Ауа-райының да жылы шырай танытқаны тамаша әсер сыйлады.

Аймақ басшысы алдымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің алаңында бой көтерген Тараз өңірлік университетінің киіз үйіне барып, қазақы салтпен қымыздан дәм татты. Бердібек Сапарбаев Наурыз мейрамының ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, жас ұрпақты ұлтжандылық пен Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуде айрықша маңызға ие екендігін атап өтті. Ал университет студенттері шағын сахна арқылы қазақтың «Бесікке салу», «Азан шақырып, ат қою» және тағы басқа да салт-дәстүрлердің үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің киіз үйінде қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Университет ректоры Ерболат Саурықов Бердібек Сапарбаевқа оқу ордасы «Көркемөнер және сызу» мамандығы бойынша оқытушылар дайындайтынын, кейін олар балаларды халықтық қолөнерге баулитынын жеткізді. Көрмеге қойылған бұйымдардың басым бөлігі, соның ішінде ағаштан, металдан және былғарыдан жасалған дүниелер ТИГУ студенттері мен магистранттарының дипломдық жұмыстары болып табылады десек, қалғандары университет мұражайының қорынан алынған заттар. Өңір басшысының қызығушылығын оятқан бұйымдардың бірі – ыдыстарды тасымалдауға арналған, сапалы былғары қоржындар.

«Қазфосфат» ЖШС-нің киіз үйінің алдында Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды көктемнің басты мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

«Тамыры тереңнен бастау алатын бұл мереке – бірлік пен берекенің символы. Наурыз – қазақ халқының тіршілігінің көрінісі, жоғары рухтың, ұлттық мәдениет пен өнердің, салт — дәстүрдің өзегі болып саналады», — деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы кішкентай Ержан Жанмұхаммедтің тұсауын кесіп, бүлдіршіннің ел азаматы болып ержетуін және оның ата-анасына мықты денсаулық тіледі.

«Көне Тараз» кешенінің жаяу жүргіншілер аймағын жағалай әртүрлі кәдесыйлар, ыдыс-аяқ, сәндік бұйымдар және басқа да көзтартар заттардың павильондары орналасты.

Туризм және халықтық қолөнер орталығында шебер Пернебек Ахметов шағын сөмкеге сыйып кететін жиналмалы ағаш бесігімен таныстырды. Қос қолы жоқ Анар Бексұлтанова тіккен түрлі қазақы оюлы көрпелер мен жастықтарды көргендер оның батылдығы мен еңбекқорлығына тәнті болды. Ісмер өзінен бөлек үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Анар секілді адамдардан үлгі алу керек. Тағдырдың соққысына бой алдырмай, аянбай еңбек етіп, өз мақсатына жетудің үлгісі осындай болады деп ойлаймын», — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жастар аллеясында аймақ басшысын білім саласының ардагерлері қарсы алды, үлкен экран орналасқан сахнада мектептен тыс шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері би билеп, өнерлерін ортаға салды. Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы және көркемсурет мектебі оқушыларының еңбектері бойынша көрме ұйымдастырылып, онда картиналар мен киіз және тоқыма бұйымдары қойылды. Жас суретшілер сол маңдағы оқиғаларды бірден қағаз бетінен түсіріп, көптің қызығушылығын оятты.

Сонымен қатар, Қайрат Рысқұлбеков саябағында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ал, Тұңғыш Президент саябағының алдындағы алаң ұлттық ойындардан бөлек өздерінің көркем суреттерін ұсынған жергілікті колледж студенттеріне арналды. Мерекелік аралау «Баласағұн» орталық концерт залының алдындағы облыстық филармония әртістері дайындаған ашық аспан астындағы үлкен концертпен тиянақталды. Онда қазақтың халық әндері шырқалып, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өнерпаздар Жамбыл мен Айкүміс арасындағы айтыс қойылымын жұртшылық назарына ұсынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.