Жаңа аудан құрылды

фото: Жеке дерек көзі
0

Түркістан облысында жаңадан тағы бір аудан – Сауран ауданы құрылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды.

Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді.

Жарлықтың толық мәтінін ұсынамыз

* * *

Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 12 наурыз № 534

Еске салайық, биылғы 19 ақпанда халық алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде жаңа – Сауран ауданын құру туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс берілгенін мәлім еткен еді.

Бұл ұсынысты өңір басшысы алдымен, өткен жылдың соңында Кентау қаласы мен оның ауылдық округтерінің тұрғындарына ұсынған болатын. Жергілікті халық Сауран ауданын құру туралы Ө.Шөкеевтің бастамасын қуанышпен қолдады.

Кентау қаласы Түркістан қаласымен қатар бірдей дамытылатыны жоспарланған.

Сондай-ақ биылғы 14 наурызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың төрағалығымен ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда көне Сауран қалашығын дамыту мәселесі талқыланды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.