Жаңа жоба шарапаты

53
Әр адам­ның кіндік қаны тамып, туып өскен мекені жер жәннатымен тең. Бүгінде ел таныған азаматтар, халық қалаулылары мен тау тұлғалардың естен кетпес жұлдызды сәттері сол өлкемен тікелей байланысты. Ал, еліміздің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарих екенін ескерсек, азаматтардың сол құнды­лықтарды құрметтеп, оның кез келген дүниесінің гүлденуіне, жандануына үлес қосуы бекер емес. Ол тазалыққа атсалысса да, бір тал отырғызса да, шынайы ісімен өскелең ұрпақтың бойына Отанды сүю, туған жердің топырағына бас июге танымдық жол ашады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұны осында жатыр.
Осы бағытта облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ежелден қалыптасқан асарлату ұғымы жаңаша түрленіп, облысымызда «Асарлатып үй салу» жобасы іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өзара бірлігін арттыру, мұқтаж жандарға көмек беру. Бұл тұрғыда баспанаға лайықты отбасыны анықтауға ауылдың қазына қариялары үлкен үлес қосты. Қалталы азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлерге қолқа салып, сауапты істен шет қалмауды ниет еткен белсенділердің арқасында халық қайырлы іске ден қойды.
Ауданымызда жоба аясында 17 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бүгінгі таңға 6 үйдің құрылысы аяқталса, 11 баспананың ішкі-сыртқы жұмыстары жүргізілуде. Айшабибі мен Ерназар ауылындағы тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Тағы 4 үйдің кілті айтулы мереке қарсаңында баспана иелеріне табыс етілетін болады. Сонымен қатар құрылысы жүргізіліп жатқан 10 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
«Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан жоба ағайынның арасын нығайтуға, ауызбіршіліктің ерекше үлгісін қалыптастыруға, жүрекке мейірім ұялатуға үлкен септігін тигізді.
Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.

 

Бақытжан ҚҰТЖАН,
Жамбыл ауданы әкімінің бас инспекторы