Жапондық жүйе – жол сапасын арттыруда маңызды рөлге ие

0 25

Жапон халқының жұмысқа деген көзқарасымен ұштасатын «Кайдзен» философиясы кез келген істі биікке шығаруды көздейді. Бүгінде әрбір кәсіпорынның жетістігі сауатты өндірісімен өлшенетінін ескерсек, күн шығыс елінің азаматтары арасында кең қолданысқа ие тұжырымдама біздегі менеджменттің де негізгі бөлігіне айналды. «Кайдзен» әсіресе, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өңірлік филиалдарында өз жемісін беруде. Жұмыс істеу барысын оңтайландыруды көздейтін «Кайдзеннің» аталған кәсіпорынның облыстық филиалының қызметкерлеріне жәрдемі мол.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өңірлік филиалындағы зертхананың материалдар бойынша инженері Жұмахан Шәкірбаевтың айтуынша, жапондық жүйеде әр қызметкерге нақты уақытта жұмыс жасауға жағдай жасалған.

— Қазіргі таңда біздің қызметкерлер арасында «Кайдзен» түсінігі кеңінен таралып, қолданысқа енді. Жасыратыны жоқ, бұл күні ірі компаниялар, түрлі ұйымдар осы идеяға бет бұрып, тәжірибеде басшы мен жұмысшыға зор мүмкіндік сыйлаған жобаны тәжірибеде сынап көруде. Бізде де солай. Мәселен, әріптестерім бұған дейін жол ережелері мен нормативтерін білу қажеттігі туындағанда алтын уақытын сарп етіп, жұмыс үстеліндегі папкаларды ақтаруға мәжбүр болатын. Ал қазір мұндай мүлдем жоқ. Ереже мен нормативті білгісі келген жол саласының қызметкері өзінің ұялы телефонындағы QR код арқылы қол жеткізеді. Демек, жұмысты оңтайландыруда осы жүйенің көмегі көп. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, — дейді ол.

Иә, ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, елдің шетінде, желдің өтінде жол сапасын бақылайтын жол саласының қарапайым қызметкерлерінің іскерлік үдерістерді тиянақты атқарып отыруға таптырмас технологиядан шетте қалмағаны сүйсінтеді. Ендеше, әрбір істі жоғары деңгейде жасауды талап ететін жүйенің жол сапасын арттыруда да жетістікке жеткізеріне сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.