Жастарға жан-жақты жағдай жасалуда

34

Химия өнеркәсібі – экономиканың ең күрделі саласы. Сондықтан болса керек саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Еңбек нарығына аса қажетті мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше қажеттілік жыл санап артып келеді. Десе де химия өнеркәсібінде өзіндік орны бар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі минералды тыңайтқыштар зауытында өзекті мәселе жыл санап кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

Бүгінде өндіріс орнында 1040 адам еңбек етсе, оның 403-і жастар екен. Атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде кейінгі жылдары зауыттағы жас мамандардың үлесі арта түскен. Атап айтқанда зауыт басшылығы кәсіптік-техникалық мамандықтарды дайындайтын өңірдегі білім ордаларымен келісімшарт жасасып, бірлесіп тығыз байланыста жұмыс істеуде. Яғни студент жастардың өндірістік тәжірибе жинақтауына және оқуын бітірген соң мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр. Осылайша кәсіби білікті маман дайындап ғана қоймай, білім сапасын көтеруге де атсалысуда. Сонымен қатар қызметкерлерге барлық әлеуметтік жағдайдың жасалуы да жас мамандарды тартуға және тұрақтап қалуына үлкен септігін тигізуде. Мәселен жыл сайын «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде 220 жұмысшы денсаулығын түзейді. Ем алу құны әр жұмысшыға 10 мың теңгені құрайды. Қалған шығынын кәсіпорын өз мойнына алған. Жолдаманың құнына кешенге дейінгі жолақы, тамақтандыру, дәрігердің тағайындауымен физиотерапия, жоғары тыныс алу жолдарын бумен ыстау, галокамера, гидротерапия, қолмен және механикалық уқалау сынды ем-шараларды жүргізу де кіреді. Демалыстың ұзақтығы 12 тәулікті құрайды. Сондай-ақ жұмысшылардың балалары үшін жаз айларында «Жұлдыз» балалар лагері жұмыс істейді. Бір демалыс маусымында лагерде 7-13 жастағы 100 бала демалады.
Жұмысшы жастарға арналған «Жастар үйі» жатақханасы және бар. Жатақхана жұмысшылардың отбасына арналған бір және екі бөлмелі пәтерден тұрады. Онда тұрмыстық қажеттіліктер толығымен қамтамасыз етілген. Одан бөлек жұмысшылардың денсаулығын нығайту үшін спорт кешені де қызмет көрсетеді.
Білікті мамандарды тарта отырып, олардың бойындағы еңбекке деген құлшынысын арттыру бағытында жүргізілген осы секілді жұмыстар білімі мен білігіне сенетін жастардың ынтасын оятып, зауытты сапалы мамандармен жасақтауға көмектесуде.
Атқарған адал еңбегіне қарай сатылап өсіп, замандастарына үлгі болып жүрген жас маманның бірі – Әділет Өмірбекұлы. 2016 жылдан бері зауытта еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз бүгінде білікті маманға айналған.
– 2016 жылдан бері минералды тыңайтқыштар зауытында жұмыс істеп келемін. Алдыңғы үш жылында күкірт қышқылы цехында, өткен жылдан бері аммофос цехында экономист болып еңбек етемін.
Өзім бала кезден математика пәнін сүйіп, есеп-қисапқа жүйрік болып өстім. Мектеп бітіргеннен кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) түсіп, «Экономика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Сөйтіп еңбек жолымды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасыннан бастап, онда азды-көпті тәжірибемді шыңдадым.
Кейін достарымнан минералды тыңайтқыштар зауыты, мұндағы жұмысшыларға жасалған жан-жақты жағдай туралы естіп, білдім. Әлеуметтік желі, баспасөз арқылы өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысқанда шынымен-ақ осында ауысқым келді. Сөйтіп жүргенде сәті де түсе кетті. Осылайша басқармадағы жұмысымнан шығып, қайнаған тіршіліктің ортасына келдім, – дейді жас маман.
Әділет Әбдіманаптың сөзіне сүйенсек, мұнда әлеуметтік жағдайдан бөлек, жастардың жоғары білім алуына, ғылыммен айналысуына үлкен мүмкіндіктер берілген.
– Өзіңіз де білесіз, зауыт облыстағы ең ірі кәсіпорын болып саналады. Әлеуеті күннен-күнге артып келеді. Сондықтан мұндағы жұмысшыларға да артылатын жауапкершілік жүгі де еселене түсуде. Әсіресе жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Себебі бүгінгі жастар келешекте аға толқынның орнын басып, өндіріс орнын өркендететін, көкжиегін кеңейтетін мамандар. Әрі қазір өндіріске жаңа технологиялар көптеп енгізілуде. Басшылық заманауи технологияларды меңгеріп, жұмыс өнімділігін арттыруда жастарға үлкен сенім білдіріп отыр. Сол себепті жұмысшы жастардың білім алып, тәжірибелерін шыңдай түсуге барынша жағдай жасауда. Магистратура, докторантура оқимын десеңіз де ешқандай кедергі жоқ, – дейді Ә.Әбдіманап.
Ал минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Төлепбек Исаев жастарды қолдауға бағытталған бүгінде жолға қойылған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді.

 

Талғат Нұрханов