Жуалылық жомарт жандар жақсылық жасап жарысуда

40

Мемлекетіміздің ең басты байлығы — халқының денінің саулығы мен амандығы. Осы ретте, биыл аты жаман індетпен бейбіт күнде ақ халатты абзал жандар күресіп, адам жанын өлімнен арашалады. Төрткүл дүниеге таралған бұл індет ең бірінші тыныс алу жүйелерін зақымдайтындықтан оны жұқтырған адамдардың демалуы қиындай түсті. Ауруханадағы кейбір жандар «жасанды ауа» жеткізетін аппараттың жетіспеуінен көз жұмып кетті. Әрине, бұл өкінішті-ақ. Дегенмен, бұл індетпен күресте халқымыздың бекем бірлігі көрініс тауып, оттегі концентраторы қайырымды жандардың ықпалымен ауруханаларға сыйға тартылды. Біздің ауданның азаматтары да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп, туған өлкелеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне дәл осындай дүниені тарту етті. Мұндай игі іс Шақпақ ауылдық округінде де жалғасын тапты.

Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ахметов пен аймақтың белсенді жастарының бірі Нұрболсын Аманқұловтың бастамаларымен осыдан бір айға жуық уақыт бұрын «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты акциясы басталған болатын. Акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат аталған округ орталығындағы дәрігерлік амбулаторияға «Оттегі концентраторын» тұрғындар атынан сыйлау болды. Аталған акция барысында «Каспий голд» реквизиті арқылы ауылдың жастары қаражат жинады. Акциядан аға буынның өкілдері де тыс қалған жоқ.

– Біздің бойымыздағы ең жақсы қасиеттердің бірі қайырымдылық деп білемін. Қайырымдылық тек қиын-қыстау кезде ғана емес кез келген уақытта жасалады. Әркім ниетіне қарай қайырымдылық жасайды. Біздің ауылдық округте де бұл уақытқа дейін түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп келді. Соның жалғасы ретінде дәрігерлік амбулаторияға оттегі концентраторын сыйлау үшін ұйымдастырылды. Әлеуметтік желідегі ауылдық округтің парақшаларына бастаманың барысы жарияланды. Бастамамыз қолдау тауып, аз уақыттың ішінде қаржы жиналды.

Акцияға аймақтың жанашыр азаматы Дүйсембиевтер отбасы да,  нақтырақ айтқанда, Ақайдар Дүйсембиев ағамыз үлесін қосты. Өз тарапынан және ауыл жастарының әлеуметтік желі арқылы қолдап, акцияға белсене қатысуы нәтижесінде «Оттегі концентраторы» Шақпақата дәрігерлік амбулаториясына сыйға тартылды. Дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Гаухар Аңқабаева аппаратты қабылдап, акцияға қолдау білдірген ауыл жастарына және акцияны қолдаған Ақайдар ағамызға алғысын білдірді.

Негізінен бұл аппарат індеттің алдын алу мақсатында, сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемесіне ең керекті медициналық қажеттілік ретінде сыйланды. Себебі, оны тек осы індетпен күрес кезінде ғана емес, өзге де оқыс жағдайларда пайдаланады. Бұлай дейтінім, ауылымыздың (атын атамай-ақ қояйын) тұрғыны осы аппараттың жоқтығынан аудан орталығына жеткенше сәбиінен айырылған болатын. Ол да өз кезегінде бастаманы бірінші болып қолдап, есепшотқа қаржы аударып, ризашылығын жеткізді.

 «Жомарт жүрек» жобасы аясындағы «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты акциясына қатысқан, үлестерін қосқан барша аймақ тұрғындарына алғысымды білдіремін. Жалпы жиырма күннің ішінде 146 055 теңге қаражат есепшотымызға жиналды. Ақайдар ағамыз біздің бастаманы қолдап, пандемия кезінде алдын алып, өз жанұясы үшін алған 250 мың теңге тұратын аппаратты бізге небәрі 100 мың теңгеге берді. Қалғанын 150 мың теңгені өзі қосқан болып саналды. Енді 46 055 теңгені басқа да жақсылықтарға жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, игі бастаманы ауылдық округке қарасты Амансай ауылының тұрғыны Айдархан Балтабаев ұлдарымен бірге жалғап, өз қаражаттарынан денсаулық сақтау мекемесіне тағы бір оттегі концентраторын және бес пульсоксиметр тарту етті, — дейді Шақпақата ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ілиясұлы.

Айгүл Қалымханқызы,

Жуалы ауданы