Жуалыда егін орағы қызу жүруде

0 131

Ауыл шаруашылығы елді өркендететін басты салаларының бірі болып саналатыны белгілі. Агросаланың дамуына мемлекет те басымдық береді. Ел Президентінің де халыққа арнаған Жолдауларында аталған салаға үнемі үлкен ден қойылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деп аталатын тапсырмасында бұл жөнінде кеңінен айтылып, тиісті ведомствоға нақты тапсырмалар жүктелді.

«Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті» делінген Президент Жолдауында. Бұл ретте Мемлекет басшысы жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі де өте өзекті болып отырғанына да кеңінен тоқталды.

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде тірлік кешіп жатқан тұрғындардың дені мал бағып, егін егумен айналысады. Бұл ежелден келе жатқан атакәсібіміз саналады. Мал басын көбейтіп, егістік көлемін ұлғайту ісінде өнімді жұмыс жасап жатқандары да арасында баршылық. Апта ішінде аудан орталығынан ең шалғайда орналасқан Қошқарата ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, қасиетті мекендегі бірқатар шаруашылықтардың оңды істеріне кеңінен қанығып қайтқан болатынбыз. Біз бұл мақалада «Ақтасты» шаруа қожалығында жүріп жатқан егін орағының барысы туралы кеңінен әңгімелемекпіз.

«Ақтасты» шаруа қожалығы Қошқарата ауылдық округіндегі маңдайалды шаруашылықтардың бірі. Аталған қожалық еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда құрылып, бүгінде аяғына нық тұрған. Дәлірек айтқанда, 1996 жылы құрылып, алғашында бір ғана ескі трактормен тірлік бастаған шаруашылық агросаладағы бағыттарын анық бағдарлап, жұмысты жүйелі ұйымдастырудың арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Шаруашылық болған жерде жұмыс көзінің де болатыны белгілі. Осы орайда аталған қожалық ауылдағы еңбекқор ағайынға да жұмыс беріп, сол арқылы отбасыларын асырауға да мол мүмкіндік жасап отыр.

Ең алдымен егін шаруашылығын, сонымен қатар, мал шаруашылығын қарқынды дамытуды басты бағыт етіп ұстанған «Ақтасты» шаруа қожалығының иелігінде 700 гектарға жуық егістік жерлері бар. Қожалық басшылары биылғы жылдың өнімі үшін 200 гектар алқапқа күздік бидай, 400 гектарға арпа, тиісінше, 150 гектарға мақсары дақылының тұқымын сепкен екен. Бұдан бөлек, 250 гектарға жуық жоңышқа алқабы бар. Айта кету керек, аталған шаруашылық жерді жалға алу арқылы да жыл сайын егістік көлемін ұлғайтуға күш салуда. Бұл ретте шаруашылықтың жер өңдеуге деген әлеуетінің молдығын да ескерген жөн.

Жерді өңдеу үшін шаруаларға ең алдымен заманауи жаңа техниканың ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Шаруашылық жұмысын бір ғана ескі трактормен бастаған «Ақтасты» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартуды әу баста-ақ қолға алды. Алайда жаңа техниканы ешкім әкеп бермейді. Ескі техниканы да жамап-жасқап жұмыс істеуге тура келетін кездер де болады. Бұған шаруашылықтың инженері Зелімхан Дезиевтың техникақұмарлығы үлкен әсер етті. Бүгінде шаруашылықта жер жыртуға арналған «МТЗ-920», «МТЗ-82», «МТЗ-80» маркалы доңғалақты тракторлары, К-700 тракторы, «КПС» деп аталатын шөп оратын техникасы, бірнеше жүк көліктері, екі дана шөптайлағышы, ауыл шаруашылығы тіркемелері бар. Бұл шаруа үшін үлкен күш.

Дәл қазіргі уақытта ауылдағы шаруа ағайын үшін өте қауырт кезең. Олай дейтініміз, жаз мезгілі басталысымен шөп жинау, егін ору науқаны да қоса басталады. Мал азығын дайындап болысымен егін ору науқанының уақыты келіп қалады. Арпа мен бидайды жинап болысымен мақсары орағының сәті түседі. Одан кейін жер айдау, шаруаларды тағысын тағы осындай жұмыстар кезегімен күтіп тұрады.

Біз де Қошқарата ауылдық округіне барған сапарымызда егін орағының қызған сәтіне куә болдық. Ақтасты жотасының екі қапталында да арпа алқаптары алыстан сарғайып көзге шалынады. Кейбір жиналған алқаптарда сабанның шөмелелері жатыр. Бір сөзбен айтқанда, алқап басында қайнаған қызу еңбек. Ақтасты ауылының батыс жақ бетіндегі қиядағы егістік алқабында үш комбайн қатарласып егін орып жүр. Ауылдық округтің әкімі аппаратының бас маманы Руслан Назарбеков егін жинап жүрген «дала кемелерінің» «Ақтасты» шаруа қожалығына тиесілі комбайндар екенін айтты. Алқапқа жақындай түскеніміз сол еді, алдыңғы келе жатқан комбайн тоқтап, кабинадан жүзі күнге күйген механизатор түсіп, бізге қарай жақындады. Бұл шаруашылықтың инженері Зелімхан Дезиев еді.

-Егін орағын бастағанымызға бір айдан асты. Уақытпен санаспай еңбек етіп жатырмыз. Дәл қазір жыл бойғы атқарған жұмысымыз бен еткен еңбегіміздің ақталатын уақыты. Биыл 400 гектарға «Бәйшешек» тұқымды арпа еккен едік. Орақ барысында байқағанымыздай, өнім жаман емес. Гектарына 25 центнерге дейін жетіп жатыр деуге болады. Біз мұндай ірі табысқа арпа алқаптарына минералды тыңайтқыш беру арқылы жетіп отырмыз. Көктемде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы «Карбамид» деп аталатын минералды тыңайтқыш сатып алып, арпа алқаптарына енгіздік. Тыңайтқыш Үкімет тарапынан берілген соң шығынымыздың жартысына субсидия қарастырылды. Мұндай көмек шаруаларға үлкен демеу. Соның нәтижесінде өнім көлемі де артып отыр.

Арпадан бөлек күздік бидай алқабымыз да бар. Жыл сайын бидайдың «Стекловидный-24» тұқымын егеміз. Мақсары, жоңышқа алқаптарынан да мол өнім алудамыз. Жерді өңдеуге техникаларымыз жеткілікті. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі бағдарламалар арқылы жаңа техникалар сатып алуға болады. Біз бірер жыл бұрын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы екі жаңа шөптайлағыш сатып алдық. Комбайндар алып жатырмыз. Соның арқасында ғана жерден мол өнім алуға болады. Басқалай жолы жоқ.

Жерді өңдеуге келетін болсақ, егістік жерлердің тозып кетпеуі үшін көбінесе ауыспалы егістік жүйесін кеңінен қолданамыз. Әйтпесе жер тозып кетеді. Тозған жер ешқашан жақсы өнім бермейді. Жер тозса тіршілікке да қауіп төнетінін шаруалар қашанда ескерулері керек. Адамзатты асырап отырған қасиетті жерге жанашырлықпен қарауымыз қажет. Адал еңбек етіп, теріңді төксең қара жер де құр қалдырмайды. Әсіресе науқан кезінде жұмыс істеуге ерінбеу керек,- дейді Зелімхан Муцалыхұлы.

  «Ақтасты» шаруа қожалығы егін шаруашылығын дамыту арқылы мал шаруашылығын да өркендетуді жолға қойып отыр. Шаруашылықтың мал қыстауында қой, мүйізді ірі қара, оның ішінде сауынды сиырлар бағылады. Одан сауылған сүт аудан орталығындағы сүт өңдейтін зауытқа өткеріледі. Мұнда қойдың басы да мол. Мал қыстауында отбасылы қойшы отырады. Сиыр сауу, малды қарап, күтіп-баптау үшін мұнда бес адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, шаруашылықта науқан кезінде 20-ға жуық адамға жұмыс көзі бар. Шаруа қожалықта Зелімханның аға-інілерімен қатар ауыл азаматтары Дулат Өмірзақов, ағайынды Қайсар мен Руслан Несіпхановтар, Әділет Керімқұл, Серікбай Әуден, Рустам Әлиев, Аңсабек Әріпбаев, т.б. жігіттер білек сыбана еңбек етіп жүр.

Зелімханның өзі отбасында бес ағайынды. Ол Ақтасты ауылындағы қара шаңырақта жұбайы Айман Әлиева екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Шаруашылық инженері З.Дезиев бізбен әңгімесу барысында болашақта асыл тұқымды малдың басын көбейтіп, тұқым шаруашылығын да жолға қойып, қожалықты кеңейту арқылы фермерлік шаруашылық құру туралы ойымен де бөлісті. Осы мақсатта биылғы жылы сыйымдылығы 600 тонна болатын астық сақтайтын қойманың құрылысы аяқталып отыр. Бұл тұқым шаруашылығын дамытудың бірден-бір алғышарты. Алыс ауылда мұндай қойма салу әрине қажырлы еңбек пен қомақты қаражатты талап етеді.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай, еселі еңбек етіп, ауылдастарына да жұмыс көзін ашып, елге де сыйлы боп жүрген азаматтардың ажары қашанда нұрлы болмақ…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.