Жыл соңына дейін он нысан пайдалануға беріледі

0 48

Облыс аумағында 442 жалпы орта білім беру мекемесі болса, қазіргі таңда барлығында оқу процесі қашықтан және дәстүрлі бағытта жүріп жатыр. Алайда кейбір аудандардағы олқылықтардың салдарынан бірер мектепте орын алған кемшіліктер әлі жалғасуда. Атап айтқанда, өңірдегі 18 мектепте күрделі жөндеу, 32 мектепте санитарлық торапты ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары бітпеген. Бұл цифрларға негізінен Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Жуалы аудандары мен Тараз қаласының әкімдіктері және облыстық білім басқармасы жауапты екен.

Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында мәлім болды. Жиында сөз болғандай, биыл облыстағы 42 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 285 білім ошағында санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жоспарланған екен. Бұл шаруаның басым көпшілігі межесіне жетсе, аз ғана бөлігі әне-міне аяқталуға таяу. Сонымен қатар 442 мектепке 6459 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Мұның ішінде 1571 камера ауыстыруды қажет еткенімен, бұл мақсатқа қазынадан 183 миллион теңгеден астам қаражат қаралған.

Басқосуда баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова жыл соңына дейін 10 білім нысаны пайдалануға берілуі тиістігін айтты. «Оның екеуі Тараз қаласында, №1 мектеп-гимназиясы мен «Мейірім» мектеп-интернатының жанындағы қосымша ғимараттар. Содан соң Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы орта мектепке қосымша спорт зал, мәжіліс залы және 3 оқу бөлмесінің, Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы орта мектептің, Жуалы ауданы Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектебіне жапсарлас спорт залдың құрылысы жүріп жатыр», – деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, Қордай ауданы бойынша Күнбатыс, Қалғұтты ауылдарында, Меркі ауданының Гранитогорск ауылында, Шу ауданының Алға, Бірлікүстем ауылдарында жаңа мектептердің ірге тастары құйылып, қабырғалары қалану үстінде. Десе де ол құрылыстарда жұмыс баяу жүріп жатқан көрінеді. Жиында облыс әкімінің орынбасары олқылықтар орын алған аудан әкімдерінен жауап алып, құрылыстардың қазіргі ахуалы жайында мәліметтермен қанықты. «Келесі апта білім саласының проблемалары аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтетін жиында қаралады. Сондықтан барлық бітпеген шаруаның қатаң бақылауға алынуын талап етемін. Қазір өңірдегі пандемиялық жағдайдың біршама тұрақтанғанын көріп отырмыз. Сол себептен мектептер сапалы білім беруге толық дайын болуы керек», – деген Ержан Жұматұлы жауапты мамандарға кемшіліктерді түзеуге бір апта уақыт берді.

Асхат Райқұл

Leave A Reply

Your email address will not be published.