Жаңалықтар

Жамбылда 38 елді мекенге табиғи газ тарту жұмыстары жүріп жатыр

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды

 Жиында Жаңатас қаласындағы табиғи апат салдарын жою және еді мекендерді газдандыру мәселесі қаралған, деп хабарлайды Jambylinfo. kz. Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасаған. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 285-і немесе халықтың 91,1 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл көрсеткіш тиісінше арта түседі.

Сондай-ақ газға қосылмаған 86 елді мекенге талдау жүргізілген. Қазір 38 елді мекенге газ құбыры тартылуда. 13 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, бюджетке өтінім тапсырылған. 2 елді мекенге ЖСҚ дайындалуда. 33 елді мекенде халық санының аз болуына (200-ден төмен) байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған.

Басқосу барысында аудан әкімдері елді мекендерге газ тарту жұмыстарының барысын баяндады. Сонымен бірге білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары әлеуметтік нысандарды газбен қамту бойынша есеп берді.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға халыққа қолайлы жағдай жасау, тұрмысын жақсарту, оның ішінде көгілдір отынмен қамту өзекті мәселе екенін атап өтті. Әлеуметтік нысандарды газға қосу бойынша жеке талдау жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде Жаңатас қаласындағы табиғи апаттың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары қаралды.

Аталған мәселе бойынша Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың хабарлама жасады.

Қазір бүлінген нысандарды техникалық тексеру, бағалау, шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасуда. Ол үшін арнайы 4 жұмысшы топ құрылған.

Облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, сапаға жіті көңіл бөлуді тапсырды.