Жаңалықтар

Жамбылда «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы 338 отбасы баспаналы болған

Аймақта бұл игілігі мол жоба 4 жыл бұрын басталған

Жамбыл облысында Байзақ ауданының тұрғындары асар дәстүрін жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға тегін баспана салып берген. Былтыр тағы әлеуметтік аз қамтылған 105 отбасы қоныс тойын тойлаған. Үйлі болған жандардың бірі Мұхамеджан Қарқынбаев «Жақсылық жаса» студиясында қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Жаңа қонысқа ие болған Мұхамеджан Қарқынбаевтың айтуынша,  мамыр айында жаңа үйдің кілтін қолына алған. 

Сондай-ақ, "Жақсылық жаса" бағдарламасының студиясына қонаққа
«Асарлатып үй салу» жобасының басы-қасында жүрген ұйымдастырушылар, ауыл белсенділері Олжас Әбілдаев және Мадияр Бақторазов келді.

Талай отбасыға қуаныш сыйлап жүрген атпал азаматтардың сөзінше, өңірде "Асарлатып үй салу" жобасы дәстүрге айналған. 

Жоба жүздеген шаңырақты қуантты. Қаншама адам армандаған үйдің кілтіне ие болды. Осыған қарап, әлі де арамызда қазақтың төл дәстүрін айна қатесіз ұстанып, ұлттық  құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жандар бар екеніне көзіміз жетті. 

Айта кетейік, «Qazaqstan» арнасынан әр жұма сайын 21:25-те тікелей эфирге шығатын «Жақсылық жаса» жобасының мақсаты – қоғамда түрлі ерлік істерімен танылған ел азаматтарын насихаттау әрі көрерменді бүгінгі күннің батырларынан үлгі алуға шақыру.