Жаңалықтар

Жамбылда көлік инфрақұрылымын жаңарту қарқынды жүріп жатыр – басқарма басшысы

2024 жылы өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 26,8 миллиард теңге бөлінген

Нәтижесінде бөлінген қаражат есебінен 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпір құрылысы жүргізіліп, 3 шақырым жолды қайта жаңғыртудан және 690,4 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Бұл туралы облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

2024 жылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту – бұл мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту мақсаты белгіленді.

Мұрат Саурықовтың айтуынша, бұдан бөлек, «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба немесе 184 шақырым, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен – 170 жоба немесе 203 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен – 5 жоба немесе 18,3 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба немесе 1,2 шақырым, жергілікті бюджеттерден – 143 жоба немесе 303,4 шақырым жол жөнделді. Бөлінген қаржылар ішінде жалпы 2,3 миллиард теңгеге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы биылғы жылы да өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында бұл жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

Мұрат Саурықовтың сөзінше, 2025 жыл өңірдің автожол инфрақұрылымын жөндеу, қайта жаңарту және салу жөніндегі ауқымды жобаларды іске асырудағы маңызды кезең. Атап айтқанда, Тараз қаласының логистикасын жақсарту және шеткі бөлігін жандандыру үшін биыл Тараз қаласында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелі мен жол өтпесі бар Абай даңғылы учаскесін салу жобасы бастау алды. Бұл ретте Жуалы ауданы Боранды станциясы ПК 7 (ПЧ-52 Түлкібас) 3 441-шақырымында су өткізгіш темірбетон құбыр жанында автокөлік құралдарының өтуіне арналған жасанды құрылыс салу жобасы жүзеге асырылатын болады.