Жаңалықтар

Жамбылда құтқарушылар күніне орай жаңа техниканың кілттері табысталды

Бүгін яғни 19 қазан елімізде құтқарушылар төл мерекесін атап өтіп жатыр

19 қазан күні, Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне орай, Тараз қаласының орталық алаңында Жамбыл облысының құтқарушыларына жаңа автомобильдердің кілттерін табыстау рәсімі өтті,, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі, генерал-майор Ерлан Садкенұлы Нұрпеисов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдибеков, Жамбыл облысы ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары халық санының өсуімен және технологиялардың дамуымен қатар өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жаңа техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету басты міндетке айналып отырғанын атап өтті. Ол бұл жұмыстардың құтқарушылардың өз міндеттерін сапалы әрі үздіксіз орындауы үшін алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Өз кезегінде вице-министр, генерал-майор Ерлан Нұрпеисов облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, техниканы жаңартуға республикалық бюджеттен қаражат тұрақты түрде бөлініп отырғанын және өңірлік деңгейде де қолдау бар екенін атап өтті.

Биыл жергілікті бюджет аясында Жамбыл облысы ТЖД-ға құтқару операцияларын жүргізуге арналған жаңа техника мен түрлі жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінді. Салтанатты рәсім барысында жаңа автомобильдердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ілияс Ғайноллаұлы Қапашевке өрт сөндіру машинасының кілті табысталды. Жедел-құтқару жасағының бастығы Юрий Константинұлы Салағаевқа суға түсу жабдықтарымен жабдықталған жол талғамайтын көліктің кілті табысталды, ал Жамбыл облысы ТЖД бастығы полковник Арман Құмарұлы Тоқановқа Skoda Kodiaq жеңіл көлігінің кілті берілді.

Іс-шара жаңа техниканың алдында қатысушылардың суретке түсуімен аяқталды.